Адам папиллома вирусы шынымен адам өлтіре ме?
Адам папиллома вирусы (АПВ) туралы материал дайындай бастағанымызда өз оқиғасын айтып беретін адамды көп іздедік. Аты-жөнін жария етпейтінімізді уәде етсек те, кейбірі өміріндегі осы кезеңді есіне алғысы келмейтінін айтты. Мұның себебі инфекцияның көбіне жыныстық жолмен жұғатыны болса керек. Дәрігердің сөзінше, ерлер де, әйелдер де бұл инфекцияны жұқтырады және оны таратады.
Адамзат адам папиллома вирусын неге «үнсіз жауға» теңейді? Бұл инфекция шынымен адам ағзасында ешқандай симптомсыз өмір сүріп, кейін түрлі қатерлі ауруға әкеле ме? Қазақстанда неге оған қарсы вакцина жоқ? Онкогинеколог Әлия Балқожаева және бірнеше әйел АПВ туралы тарқатып айтып берді.
Бірінші оқиға: «Бойымдағы вирустың күйеуімнен табылмағанына таңдандым»
Адам папиллома вирусы – генетикалық гетерогенді ДНҚ бар вирустар тобы. Бұл инфекция адамзатқа бұрыннан белгілі. Ежелгі грек ғалымы Геродот өз еңбектерінде терінің өсуі, шырышты қабаттардың өзгеруінен болатын ауруларды сипаттап жазған.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Астананың 33 жастағы тұрғыны Мақпал (есімі өзгертілді) үш жыл бұрын өзі бұған дейін естіп көрмеген инфекцияны жұқтырған. Ол заң саласында қызмет етеді. «Жұмыс-жұмыс» деп жүрсе де, денсаулығына көңіл бөлуді де ұмытқан емес. Жыл сайын дәрігерге қаралады. 2019 жылы адам папиллома вирусының 66-шы түрін жұқтырғанын біледі.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Мақпал анализ нәтижесін алып, бірден дәрігеріне барады. Гинеколог оған жасушасы өзгеріске ұшырап, жатыр мойны қабынғанын айтады.
«Мұны естігенде «Қатерлі ісікке шалдықтым, біткен жерім осы» деп қорқып кеттім, бірақ дәрігерім сабырға шақырды. Мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндірді. Білуімше, АПВ қатерлі ісікке ұласпаған, дегенмен жатыр мойны қабынған екен», — дейді Мақпал.
Онкогинеколог-дәрігер Әлия Балқожаева күн сайынғы жұмысында адам папиллома вирусымен және оны жұқтырған әйелдермен кездеседі. Оның сөзінше, бұл вирус жыныстық қарым-қатынас (вагинал, орал, анал) кезінде және анадан балаға жұғуы мүмкін.
«Жыныстық серіктес қаншалықты көп болса, бұл инфекцияны жұқтыру қаупі де соншалықты көп. Мүшеқап инфекцияны жұқтыру қаупін азайтуы мүмкін, бірақ кепіл бола алмайды. Өйткені мүшеқап жыныс мүшелерінің (ұма, бұт, қасаға) тері аймағын түгел жаппайды», — дейді дәрігер.
Мақпал инфекцияның жыныстық жолмен жұғатынын білген соң күйеуін де тексерткен. Алайда оның ағзасынан вирус табылмаған.
«Жолдасымнан вирус анықталмағанда «Сонда қалай болғаны?» деп ойладым, өйткені өзгемен жыныстық қатынасқа түспегенмін. Дәрігер күйеуімнің ағзасынан вирус өздігінен кетіп қалуы мүмкін екенін айтты», — дейді Мақпал.
Көп жағдайда АПВ инфекциясын емдеудің қажеті жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адамдардың 90%-інің иммунитеті екі жыл ішінде инфекциямен өздігінен күреседі. Алайда жыныстық қатынаста жаңа серіктес пайда болса, АПВ қайтадан жұғуы мүмкін, сондықтан сақтану әрдайым маңызды.
Дәрігер Әлия Балқожаеваның сөзінше, адам папиллома вирусы – «өте қу». АПВ түрлерінің көбінде симптомдары байқалмайды және вирус денсаулыққа еш кесірін тигізбеуі мүмкін. Сол үшін тұрақты түрде скринингтен өтіп отыру керек. АПВ инфекциясының 100-ден астам серотипі бар, оның 15-і қатерлі ісікке себеп болып жатады. Жоғарыда атап өткеніміздей, АПВ серотиптерінің көпшілігі 1-2 жыл ішінде өздігінен жазылып кетеді, ал қатерлі ісік тудыруы мүмкін серотиптер ағзада көпке дейін сақталып, қатерлі ауруларға себеп болуы ықтимал.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Екінші оқиға: «Жатыр мойнымның бір қабатын кесіп тастады»
Шымкенттің 31 жастағы тұрғыны Ажар да (есімі өзгертілді) ағзасында осы вирустың бар екенін 2019 жылы білген.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
«2018 жылы күйеуге шықтым. Жеті айдан соң бала көтере алмағаныма уайымдап, дәрігерге тексерілуді жөн көрдім. Сол кезде дәрігер эрозия бар екенін және онкоцитология жағынды жасушаларында ешқандай өзгеріс жоғын айтты. Кейін жүкті болдым, сәбиімді дүниеге әкелдім. Босанғаннан кейін жарты жыл өткен соң «Әлгі эрозиям не болды екен?» деп қайта тексерілдім. Сол уақытта менен адам папиллома вирусының 16-шы онкогенді типі анықталды, — дейді Ажар.
Онкогенді адам папиллома вирусы – инфекцияның қатерлі ісік пайда болуы мүмкін түрі.
Онкогенді емес адам папиллома вирусы – бұл инфекцияның қатерлі ісік тудырмайтын түрі. Дегенмен оның салдарынан адам терісіне түрлі формадағы сүйел шығуы мүмкін.
Ажардың өзі де – гинеколог-дәрігер. Ол бұл инфекцияның 16-шы түрі қаншалықты қауіпті екенін жақсы түсінеді. Сол себепті қатты алаңдап, бірнеше аурухананың есігін тоздырады.
«Гинекологтың сөзіне қарамастан, бірнеше рет басқа дәрігерге тексерілдім. Алайда одан кейінгі үш дәрігер де бірдей үкім айтты. Соңында Шымкенттегі онкоорталықта анализ жасатып, бастан-аяқ тексерілдім. Олар «жатыр мойнының орта деңгейдегі дисплазиясы» деген диагноз қойды. Бір сөзбен айтқанда, бұл – қатерлі ісікке әкелетін ауру. Мұны білген соң қатты уайымдадым. Алматыға бардым, сондағы ауруханада жатыр мойнымның ауру бөлігін кесіп, оны зерттеуге жіберді. Бұл – қатерлі ісіктің бастапқы кезеңі екені белгілі болды. Денсаулығыма жіті көңіл бөліп, қадағалауымның арқасында ауруды ерте кезеңінен анықтап үлгердім. Содан кейін әр жарты жыл сайын дәрігерге қаралып, уақытында жатыр мойны обыры скринингіне барып тұрамын», — дейді ол.
Жатыр мойны обырын анықтайтын скрининг – дені сау әйелдерді тексеруге арналған бағдарлама.
Акушер-гинеколог дәрігер Фатима Қасымбекованың сөзінше, көпшілігі скрининг тек басталып кеткен қатерлі ісік ауруын анықтай алады деп ойлайды, алайда бұл – қате пікір. Дәл осы анализ арқылы нормадан ауытқыған жасушаларды (жатыр мойны дисплазиясы немесе басқаша айтқанда, қатерлі ісіктің бастамасы) анықтауға болады. Бұл дер кезінде анықталса, оны емдеуге болады және қатерлі ісіктің алдын алуға болады. Өйткені жатыр мойны обыры бірден емес, ондаған жылдар бойы дамиды.
Қазақстанда жатыр мойны обырының ұлттық скрининг бағдарламасы бар және 30-70 жас аралығындағы әйелдің бәрі төрт жыл сайын тегін тексеруден өте алады. Cкринингке 30, 34, 38, 42, 46, 50, 54, 58, 62, 66, 70 жастағы әйелдер шақырылады.
Скринингтен өту үшін өзіңіз тіркелген емханаға хабарласуыңыз керек, онда арнайы щетка көмегімен әйелдің жатыр мойнынан жағынды алады, содан кейін оны зертханаға жібереді. Бұл ауырсындырмай жасалатын процедура және оның ұзақтығы 5 минуттан аспайды. Талдау нәтижелері шамамен бірнеше апта ішінде дайын болады.
Дәрігер тұрақты скрининг кезінде жатыр мойнының сол кездегі күйін тексереді және бұл жатыр мойны обырының асқынып кетпеуі үшін дер кезінде емдеуді бастауға көмектеседі. 30 жасқа дейінгі әйелдер де жатыр мойны обырының бар-жоғын тексере алады. Алайда бұл мемлекет тарапынан төленбейді. Кейбір елде бұл тексеруді 21 жастан бастау туралы бастама көтерілген. 21-25 жаста тек цитологиялық анализден (ПАП-тест) өту ұсынылады, ал 25 жастан асқанда АПВ сынамасын қосуға болады.
АПВ жұқтырған адамның бәрі бірдей қатерлі ісікке шалдыға ма?
Адам папиллома вирусын жұқтырғанның бәрінде бірдей қатерлік ісік пайда болмайды. Инфекция ағзада жылдар бойы сақталса, бұл жасушалық өзгерістерге әкелуі және оны дер кезінде емдемесе, уақыт өте келе қатерлі ісікке айналуы мүмкін. Дегенмен жатыр мойны обырының әрбір 10 жағдайының 9-на АПВ себеп болады.
«Өкінішке қарай, әйелдердің кейбірі 10-15 жылдап гинекологқа қаралмайды. Мұны естігенде шошып жатамыз, себебі бұл – өте қорқынышты жайт. Онкоцитологияға жағынды 30 жастан бастап, әр 4 жыл сайын жасалады. Бұл ең әуелі әйелдің өз денсаулығы үшін маңызды», — дейді маман.
Адам папиллома вирусы асқынған жағдайда бұл жатыр мойны, бас, мойын, анус, ауыз-жұтқыншақ қатерлі ісігіне себеп болып жатады. Мұның ішінде ең көп тарайтыны – жатыр мойны қатерлі ісігі.
1951 жылы Джонс Хопкинс ауруханасына бес баласы бар 31 жастағы Хенриетта Лакс келеді. Науқасқа жатыр мойны қатерлі ісігі диагнозы қойылады. Биопсия кезінде алынған ісік үлгісі Хенриеттаның рұқсатынсыз Джонс Хопкинс университетінің зертханасына жіберіледі.
Әдетте зертханада адам жасушалары тез өліп қалатын, бірақ дәл осы науқастан алынған жасушалар «мәңгілік» болып шығады. Сегіз айдан кейін Хенриетта Лакс қайтыс болса да, оның жасушалары бөліне берген. Ғалымдар жасушаны марқұм науқастың аты-жөнінің алғашқы әріптері бойынша HeLa деп атады. Дүниежүзіндегі ғалымдар HeLa жасушасы арқасында мыңдаған зерттеулер жүргізді.
Нәтижесінде неміс ғалымы Харальд цур Хаузен адам папиллома вирусының бірнеше түрі бар екенін және вирустың 16 және 18-шы түрі қатерлі ісікке әкелетінін анықтаған. Ол сонымен бірге Хенриеттаның ағзасында АПВ-ның 18-ші түрі болғанын білген.
Жатыр мойны қатерлі ісігі – жатыр мойнының эпителийінде пайда болатын қатерлі ісік. Бұл дерт қазақстандық әйелдер арасында сүт безі обырынан кейінгі ең көп таралған онкология ауруы болып есептеледі. Жатыр мойны ісігі әдетте өте баяу дамиды. Адамда қатерлі ісік пайда болғанға дейін оның жатыр мойнының жасушалары бірқатар өзгеріске ұшырайды. Жасушалар қалыпты жағдайдан өзгеріске ұшыраса, бұл «дисплазия» деп аталады.
Жатыр мойны қатерлігі ісігі дүниежүзі бойынша әйелдер арасында жиі кездесетін онкология аурулары ішінде төртінші тұр. Мысалы, 2020 жылы дүниежүзінде шамамен 604 000 науқаста жатыр мойны қатерлі ісігі болса, оның 342 000-і ауру салдарынан қайтыс болған. Сонымен қатар тек 2013 жылдан бері Қазақстанда жатыр мойны ісігі 4 359 әйелдің өліміне себеп болған.
«Жалпы инфекцияны немесе оның асқынуын ерте кезеңінде білу оның алдын алуға, емдеуге мүмкіндік береді. Мысалы, қолдан келсе, жас әйелдердің жатыр мойнының тек бір қабатын, бөлігін кесу арқылы ісіктен емдеуге тырысамыз. Ал егер өте қатты асқынған жағдайда әйелдің жатырын да алып тастауы мүмкін. Мұндай кезде олар бала сүйе алмайды», — дейді дәрігер.
Қазақстанда неге АПВ-ға қарсы вакцина жоқ?
Адам папиллома вирусына қарсы екпе 130-дан астам елде қолданылады. Ал оның ішіндегі 86 мемлекетте екпе тек қыздарға емес, ұлдарға да салынады. Себебі инфекция ұлдардың да жыныс мүшесі, анус, ауыз, жұтқыншақ, көмей қатерлі ісіктеріне шалдығуына себеп болуы ықтимал. АПВ вакцинасы көбіне 9-14 жаста салынады. Әлия Балқожаева екпенің ерте салыну себебін түсіндірді.
«Жоғарыда айқанымыздай, бұл инфекция көбіне жыныстық жолмен жұғады. Сол себепті балаларға жыныстық қарым-қатынасқа түспеген кезінде, яғни 9-12 жасында салған дұрыс. Бұл вирусқа қарсы профилактика жұмысы болып есептеледі», — дейді дәрігер.
Австралияда 12-13 жас аралығындағы балаларға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салынады. Жаппай вакцинацияның арқасында 2007 жылдан бері 18-35 жас аралығындағы әйелдер арасында АПВ инфекциясының таралуы 92% төмендеген. Ал 2006-2017 жылдар аралығында 20-24 жастағы әйелдерде жатыр мойнының қатерлігі ісігі екі есе азайған.
Қазақстандағы АПВ вакцинацияның бұған дейінгі тәжірибесі сәтсіз аяқталды. 2013 жылы пилоттық жоба басталып, Атырау, Павлодар облысы, Астана және Алматыдағы 12-14 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинация салынған. Алайда мектептегі екі оқушы қыздың есінен талып құлауы үлкен дүрбелең туғызған. Осыдан кейін жоба тоқтап қалды. Дегенмен кейін қыздардың денсаулығындағы кінәрат вакцинаға мүлдем қатысы жоқ екені анықталған.
Қазақстанда жыл сайын 600 әйел жатыр мойны қатерлі ісігінен қайтыс болады, сол себепті ұлттық вакцинация күнтізбесіне адам папиллома вирусына қарсы екпені енгізу өзекті проблема болып отыр.
«Хаттама бойынша вакцинация 9 жастан 12 жасқа дейін жүргізіледі. Вакцинация үшін бұл жастың таңдалуының басты себебі – вакцина алғашқы жыныстық қатынасқа дейін салынуы керек. Вакцина тегін салынады, бірақ ата-анасының келісімі керек. Егер ата-анасы балаға екпе салуға рұқсат бермесе, қыз кәмелет жасына толғанда, екпені өзі салдыра алады», — деді гинеколог-онколог әрі Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрайымы Диляра Қайдарова 2021 жылы Vlast.kz-ке берген сұхбатында.
Онкогинеколог Әлия Балқожаева ел азаматтарының адам папиллома вирусына қарсы екпеге қарсы шығуы дұрыс емес деп есептейді. Себебі вакцинаның арқасында жатыр мойны обырының алдын алуға болады.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
ДДҰ мойындаған адам папиллома вирусына қарсы үш вакцина бар. Олар: Cervarix, Gardasil және Gardasil 9.
Cervarix – АПВ-ның 16 және 18-типтеріне қарсы екі валентті вакцина. Ол вирустың осы екі түрі тудыратын қатерлі ісіктің алдын алуға көмектеседі.
Gardasil – АПВ-ның 6, 11, 16, 18 — типтеріне қарсы төрт валентті вакцина. Бұл екпе АПВ-нан туындайтын сүйелдердің, ісік алды зақымданулардың және қатерлі ісіктердің алдын алады.
Gardasil 9 – тоғыз валентті вакцина, құрамында АПВ инфекциясының 6, 11, 16, 18, 31, 33, 45, 52, 58-типтерінің жұқпалы емес ақуыз антигендері бар. Бұл екпе вирустың осы түрлерінен туындайтын сүйелдердің, ісік алды зақымданулардың және қатерлі ісіктердің дамуын алдын алады.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Түйіндесек, бүгінгі материалда өте қауіпті, жатыр мойны қатерлі ісігіне әкелетін адам папиллома вирусы туралы егжей-тегжейлі ақпаратты оқырманға жеткізуге тырыстық. АПВ көпшілігі ойлайтындай жыныстық жолмен ғана емес, жай ғана адам денесімен тығыз қатынас кезінде де жұғуы мүмкін. Ал осы күні Қазақстанда адам папиллома вирусына қарсы вакцинация қажет екеніне көзіміз жетіп отыр. Бұл екпені, ең дұрысы, жыныстық өмір басталғанға дейін салу керек. Неге десеңіз, статистика адам шошырлық — дүниежүзінде әрбір жетінші адам қатерлі ісіктен өледі. Бұл ЖИТС, туберкулез және безгектен өлетіндерден де көп.
Қазіргі күні денсаулық сақтау министрлігі елімізде АПВ-ға қарсы вакцинациялауды енгізу мәселесін пысықтап жатыр.
Жуырда АПВ-ға қарсы вакцинацияны енгізу, оның ішінде Қазақстан Республикасының ұлттық күнтізбесіне екпенің осы түрін енгізу бойынша дайындық жұмыстары басталады, — деді денсаулық сақтау министрлігіне қарасты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева Baribar.kz порталына берген пікірінде.
Baribar.kz бірнеше ай бұрын вакцина туралы сан түрлі сауалдың жауабын іздеп жүрген оқырман үшін Ekpebar дейтін жобаны қолға алды. Редакция бұл жұмысқа кіріскенде-ақ, екпе туралы көпшілікке түсінікті, сауатты жазылған қазақша ақпараттың жоқ екенін немесе оның жеткілікті деңгейде ұсынылмай отырғанын байқады. Жоба аясында Қазақстандағы вакцинация мектебінің қысқаша тарихынан бастап, түрлі инфекция мен вирус туралы, оларға қарсы вакцина жайлы медицинаға, ғылыми-зерттеу мәліметтеріне сүйеніп, танымдық мақалалар жарияладық. Жобаға қолдау білдірген – Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілдігі және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігі (USAID). Бүгін осы жоба аясындағы соңғы материалымызды жариялап отырмыз. Оқырмандарымыз вакцина туралы алыпқашпа сөзге емес, неге тек тексерілген ақпаратқа сену керегін түсінсе және ақ пен қараның аражігін ажыра алса, бұл жобаның бастапқы мақсаты орындалды деп білеміз. Алдағы уақытта да бұл материалдарды сайтымыздағы арнайы беттен тауып, кез келген уақытта оқуыңызға болады.
Мақаланы дайындауға көмектескені үшін акушер-гинеколог дәрігер Фатима Қасымбековаға алғыс айтамыз.
Материалды әзірлеу кезінде төмендегі дереккөздер пайдаланылды:
- Как в Казахстане «провалилась» вакцина от ВПЧ, Vlast.kz, 2021;
- Прививка против вируса папилломы человека. Почему её нужно делать и девочкам, и мальчикам? Onco.kz
- Рак шейки матки, Onco.kz
- Рак шейки матки, ДДҰ, 2022
- Папилломавирусная инфекция человека: Стандарты эпиднадзора за управляемыми инфекциями
- Рак шейки матки. Что нужно знать?, Onco.kz
- История вируса папилломы человека, Oberig.ua, 2020
Мақалада келтірілген пікірлер материалды дайындаған авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.