Артқа
virus virus

АКДС баланы қорғай ма немесе ата-ана үрейінен қайткенде арыла алады?

АКДС баланы қорғай ма немесе ата-ана үрейінен қайткенде арыла алады?

«Вакцина жүзуге арналған баллон сияқты. Үрмелі баллон жүзе алмайтын баланы суға батудан қорғаса, вакцина баланы түрлі инфекциядан сақтай алады. Сол себепті екпеден бас тартпаған жөн».

2022 жылғы 23 тамызда Бішкекте 5 жасар бала сіреспеден қайтыс болды. Мұны Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігі растады. Бала байқаусызда шегені басып кетіп, жарақат алған. Кейін оның дене қызуы 38,5 градусқа дейін көтерілген. Ата-анасы баласының жағдайы нашарлағанын байқап, оны аурухана жеткізген.

Науқас әуеліде реанимация бөлімінде жатқан, кейін оған «сіреспе» диагнозы қойылған соң қарқынды терапия бөліміне ауыстырылған. Алайда дәрігерлердің жасаған ем-домына қарамастан, бала қайтыс болған.

Кейін оның перзентханада сіреспеге қарсы екпенің бір ғана дозасын салдырғаны анықталды. Қалған вакциналарды салғызудан ата-анасы бас тартқан екен.

Өкінішке қарай, дүниежүзінде, оның ішінде Қазақстанда да Бішкектегі бес жасар баланың ата-анасы сияқты АКДС вакцинасынан бас тартып жатқандар бар. Мысалы, 2021 жылғы 1 қаңтардағы дерекке сүйенсек, Қазақстан бойынша 22 291 адам вакцинаның барлық түрінен бас тартқан. Ал оның ішінде дәл осы АКДС-ға қарсы азамат көп. Алайда оның бәрі дифтерия, сіреспе, көкжөтел ауруларының салдарын, АКДС екпесінің маңызын толық біле бермейді.

Сіреспе, көкжөтел, дифтерия сияқты инфекцияларға қарсы екпе салдыру әлі де өзекті ме? Ата-ана АКДС вакцинасын баласына салдыруға неге қорқады? Екі айлық баланың иммунитеті екпені көтере ме? Педиатр-дәрігер Айжан Құсайыновадан АКДС екпесі жөнінде сұрадық.

АКДС қандай вакцина?

Көкжөтелге қарсы ең алғашқы өлі вакцина 1915 жылы тіркелген. 1923-1924 жылдары француз ғалымы Гастон Рамон дифтерия және сіреспенің токсиндерін инактивациялап, бірден үш инфекцияға қарсы екпе ойлап тапты. Дегенмен ол да, басқа ғалымдар да бұл вакцинаны жетілдіруге көп уақыт жұмсады. Осылайша, АКДС вакцинасы 1949 жылы ғана тіркелді.

АКДС – сіреспеге, көкжөтелге, дифтерияға қарсы адсорбциаланған вакцина. Мұндай вакцинаның құрамындағы дәрілік компоненттердің әсер ету уақыты ұзарады.

Педиатр-дәрігер Айжан Құсайынованың сөзінше, азаматтар вакцинадан емес, инфекциялардан қорқуы керек. Өйткені инфекциялардың салдары шынымен де қорқынышты. Мысалы, Кеңес Одағы ыдыраған соң мемлекеттерге вакцина жеткізу жағы қиындап, эпидемиология ахуалы ушыққан. Оған қоса, баласына екпе салдырудан бас тартатын ата-ана көбейген. 1990 жылдардың ортасында салдарынан Қазақстанда 106 адам дифтерия жұқтырған, 66 науқас аурудан қайтыс болған.

«Дифтерия, сіреспе, көкжөтел – өте қауіпті инфекциялар. Дифтериядан адамның тамағында ақ немесе сұр жабын пайда болады, оның кесірінен науқастың тыныс алуы, жұтынуы қиындайды, қан қысымы түседі, көбіне өліммен аяқталады. Мысалы, вакцинацияға дейін АҚШ-та жыл сайын 15 мың адам дифтериядан көз жұмған. Ал сіреспеден баланың бұлшықеті тырысатыны соншалықты «тақтай сияқты болып қалады». Жағы тырысып, аузын аша алмай қалады. Ал көкжөтел кезінде адам тоқтаусыз жөтеледі, тіпті одан тілінің асты «жыртылады». Ең қауіптісі – бала көкжөтел асқынбаса да, өліп кетуі мүмкін. Өкінішке қарай, бұл аурулардың нақты емі жоқ. Дәрігерлер оның симптомдарын басу үшін терапия тағайындайды, дегенмен науқас одан толық жазылып кетпеуі де мүмкін. Міне, аурудың осындай салдарын біле тұра екпеден қалайша бас тартуға болады?», — дейді дәрігер.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

АКДС мен АбКДС вакциналарының айырмашылығы неде?

Екінші дүниежүзілік соғыстан соң Кеңес Одағында туған азаматтар шешекке, туберкулезге, полиомиелитке, дифтерияға қарсы екпе алуға міндеттелді. АКДС екпесі пайда болғаннан кейін бұл да қолданысқа енді. Әуеліде жасушалы көкжөтелді компоненті бар АКДС екпесі салынды, алайда кейін мұның прогрессивті неврология ауруы барларға қауіпті екені байқалған.

Уақыт өте келе ғалымдар мен мамандар бұл мәселені қолға алды. Жасушалы АКДС орнына жасушасы жоқ АбКДС екпесін қолданысқа енгізді.

«АКДС вакцинасында 3 мыңға жуық антиген бар, сол себепті ағзаның оған реакциясы күштірек болды. Алайда бүгінде медицина дамыды. Қазақстанда қазір жасушасыз АбКДС салынады. Мұнда тек бес антиген бар. Салыстырмалы түрде оның жанама әсері өте аз. Оған қоса, жасушасыз вакцина баланың жүйке жүйесіне ешқандай әсер етпейді», — дейді педиатр.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қазақстандағы вакцинацияның ұлттық күнтізбесі бойынша АбКДС сәбидің екі, үш, төрт және 18 айында салынады. Бала 16 жастан асқан соң әр 10 жыл сайын ДСА-М (дифтерия, сіреспе анатоксині) екпесін алады. Бұл екпе бір жасқа дейінгі балалардың аяғына, бір жастан асқандарының иығына салынады.

«Ата-аналар «Екі айлық бала әлі кішкентай ғой», «Иммунитеті вакцинаны көтермейді» дейді, бірақ мамандар екпенің салу мерзімін белгілемес бұрын бұған дейінгі ахуалды егжей-тегжейлі зерттеді. Осыған дейін көкжөтелді, сіреспені, дифтерияны көбіне қай жастағы балалар жұқтырғанын, инфекция салдарынан қайтыс болғанын – барлығы ескерілді. Мысалы, дүниежүзі бойынша көкжөтелден қайтыс болған балалардың басым бөлігі – туғанына небәрі үш ай болған балалар. Бұған қоса, бала туа салысымен стерильді қабілетке ие болмайды. Оны басқа адамдар қолына алады, сүйеді, құшақтайды. Үйге қонақ келеді, бала далада серуендейді, яғни өзгелермен қарым-қатынасқа түседі. Мұндай кезде сырттан инфекция жұқтырып алу қаупі жоғары болады, сол себепті ерте кезден екпе салдыру маңызды» , — дейді Айжан Құсайынова.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Педиатр-дәрігер Айжан Құсайынова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қазақстанда балаға АбКДС екпесінің тек өзін емес, басқа вакциналардың құрамдас бөлігі ретінде салынады. Педиатрдың айтуына қарағанда, елімізде көкжөтел, дифтерия және сіреспенің алдын алу үшін екі түрлі өндірушінің вакцинасы қолданылады. Олар: Гексаксим және Пентаксим.

Гексаксим — көкжөтел, дифтерия, сіреспе, В гепатиті, полиомиелит, гемофильді таяқша сияқты алты түрлі инфекцияға қарсы екпе түрі. Елімізде бұл екпе баланың екі және төрт айында салынады.

Пентаксим — көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, гемофильді таяқша сияқты бес түрлі инфекциядан қорғайтын екпе. Елімізде бұл вакцинаны баланың бір жарым және үш айында салады.

«Кейбір ата-ана бірден инфекцияның бес-алты түріне қарсы екпе салынатынын естігенде қорқып жатады. Ата-аналарға уайымдамаудың негізі жоқ екенін түсіндіреміз, себебі екпенің дозасы, құрамы баланың жасына қарай ескерілген. Оның үстіне, аурухананың өзі инфекцияның ошағы болуы мүмкін. Сол себепті ата-ана баласымен қайта-қайта келіп, инфекция жұқтырып алмауы үшін бірден салдырғаны тиімді», — дейді Айжан Құсайынова.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Педиатр-дәрігер Айжан Құсайынова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Гексаксим, Пентаксим бірнеше инфекцияға қарсы тұра алады, сол үшін ата-ана АбКДС-дан бас тартқан кезде баласының В гепатиті, полиомиелит, гемофильді таяқша ауруларына да қарсы екпе алмай қалатынын ескергені жөн.

АбКДС екпесінің жанама әсерлері қандай?

Дәрігердің айтуынша, адам ағзасы өзін өзі басқарып, ретке келтіріп отырады. Екпенің құрамындағы антиген ағза үшін – бөгде зат. Сол себепті ол бірден реакция береді. Мысалы, адамның дене қызуы көтеріліп, екпе салған орны ауыруы және ісінуі мүмкін. Баланың мазасы мен тәбеті қашады, кейде құрысуы да мүмкін. Негізінде вакцинаның жанама әсері екі-үш күннен кейін кетеді.

«Бұл реакциялар, керісінше, ағзамыздың дұрыс жұмыс істеп жатқанын көрсетеді. Вакцинаны салған соң дене қызуы 38,5 градус болған жағдайда парацетомол, ибупрофен сияқты қызуды түсіретін дәрі ішкізуге кеңес береміз», — дейді маман.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Жоғарыда айтқанымыздай, Қазақстандағы вакцинацияның ұлттық күнтізбесінде АбКДС екпесі бар. Дегенмен вакцинация ерікті түрде салынады, сол себепті кейінгі кездері оның «салдарынан» қорқып, бас тартатындар көбейген. Айжан Құсайынованың сөзінше, АбКДС екпесі неврология және психика ауруларына әкелмейді.

«Баланың аутизм немесе басқа психика ауруына шалдығуына вакцина емес, басқа факторлар әсер етеді. Вакцина туралы осындай жалған ақпараттың бірден-бір себебі — азаматтар сенімді, тексерілген дереккөздерді қолданбайды. Екпе туралы дәлелді мәлімет білгіңіз келсе, ең әуелі дәрігерден сұраңыз. Интернеттен қосымша ақпарат іздесеңіз, ресми ұйымдардың парақшасынан оқыңыз. Оған қоса, вакцина туралы ақпараттың қашан жарияланғанына да мән беріңіз, себебі 5-10 жыл бұрынғы дерек қазір актуал болмауы мүмкін», — дейді ол.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Ата-ана екпенің кез келген түрін салдырмас бұрын медбикеден вакцинаның атауын, оның жарамдылық мерзімін, салатын орнын сұрап, тексеріп алғаны жөн. Себебі бұл – әр ата-ана білуі қажет қарапайым қауіпсіздік шарасы.

Айжан Құсайынова екпе салдырмаған балалардың саны көбейген сайын инфекциялардың да қайта өршу қаупі жоғары екенін айтты. Ол сонымен бірге АбКДС вакцинасының пайдасын екі баланың және суға түскенде қолданылатын баллонның мысалында түсіндіріп берді.

«Екі бала суға түсті делік. Екеуі де жүзе алмайды. Біреуінде баллон бар, ал екіншісінде жоқ. Негізі екеуі де суға батпауы мүмкін. Алайда кенеттен толқын соқса, баланың аяғы тайып кетсе немесе біреу ойнап суға итеріп жіберсе, баллоны жоқ бала суға батуы, тіпті өліп кетуі мүмкін. Ал баллоны бар бала аман қалады, себебі оның қорғанышы бар. АбКДС вакцинасы да дәл осы баллон сияқты. Баланы сырттан келген инфекциядан қорғайды. Сол себепті одан бас тартпаған дұрыс», — дейді педиатр-дәрігер.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Қорытындыласақ: дифтерия, сіреспе және көкжөтел сияқты инфекциялардың адамзатқа, әсіресе балаға аса қауіпті екенін, ал медицинадағы көп жылғы тәжірибе мен статистика жұқпалы аурулардың профилактикасы үшін ең тиімді құрал – АКДС вакцинасы екенін көрсетіп отыр. Сол себепті вакцинадан бас тартпастан бұрын оның салдары туралы егжей-тегжейлі біліп алғаныңыз абзал.

Материалды әзірлеу кезінде төмендегі дереккөздер пайдаланылды:

  1. «Иммунизация на практике» 2014, С.А.Әміреев, А.С.Есмағамбетова, А.М.Қуатбаева, В.К.Таточенко, Ш.У.Жандосов, Н.Жайықбаева.
  2. Как боролись с эпидемиями в Казахстане, Хабар, 2021
  3. Так ли страшна прививка АКДС?, Vlast.kz, 2021
  4. Борис Каральник, иммунолог: «Родители, отказывающиеся от вакцинации своих детей, нарушают их право на здоровье и жизнь», Vlast.kz, 2021
  5. Дифтерия, ДДҰ
  6. Коклюш: Стандарты эпиднадзора за управляемыми инфекциями, ДДҰ, 2018
  7. «В Бишкеке от столбняка умер пятилетний мальчик», Azattyq.org, 2022

Мақалада келтірілген пікірлер материалды дайындаған авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.