Артқа
virus virus

В гепатиті: бит шынымен сары аурудан құтқара ма?

Қазақстандағы вакцинация мектебі қалай қалыптасты?

В гепатиті - бауырды зақымдайтын инфекциялардың бірі. Неге оны адамдар «үнсіз өлтіруші ауру» деп атайды? В гепатиті туралы қоғамда қандай аңыздар тараған? EkpeBar жобасының бұл жолғы материалында осы сұрақтардың жауабын тауып, вирус туралы тарқатып жазуды жөн көрдік.

59 жастағы Мәриям (есімі өзгертілді) университетте оқытушы болып жұмыс істейді. Ол 2017 жылғы көктемгі семестрдің соңында қатты әлсіреп және үнемі шаршап жүрген, басы да жиі ауырыпты, бір күні тіпті есінен танып құлапты. Дегенмен Мәриям мұның бәрін қарбалас жұмыс кестесінен деп, аса мән бермеген.

Асқазаным бұрыннан ауыратын. Еңбек демалысына шыққан соң бірден тексерілдім, бірақ дәрігерлер асқазанымда ешқандай проблема жоқ екенін айтты. Олар В гепатитінің бар-жоғын анықтайтын анализ тапсырып көруімді сұрады. Кейін ағзамнан дәл осы инфекция табылды, — дейді ол.

Мәриям дәрігердің сөзіне бірден сене қоймаған, тіпті әртүрлі мекемеде бірнеше рет анализ тапсырып көреді. Дегенмен барлығынан бірдей жауап алған.

Әуеліден тазалыққа ерекше мән беруші едім. «Инфекция неге дәл менен анықталды?» дейтін сұрақ маза бермеді. Интернеттен түрлі ақпарат іздей бастадым. Қатты уайымға салындым, күйзеліске тап болдым. Салмағым 56 келіден 47 келіге дейін түсті, — дейді ол.

Мәриям әлі күнге дейін В гепатитін қалай және қашан жұқтырғанын білмейді. Дәрігерінің айтуына қарағанда, оның ағзасында сол кездің өзінде вирустың пайда болғанына шамамен 5-10 жыл өткен.

2003 жылы өтіме операция жасатқанмын. Дәрігерлер «Сару аурумен ауырдыңыз ба, жоқ па?» деп қана сұрады, өйткені медицинаның деңгейі қазіргідей емес еді. Сол уақытта инфекция түскен шығар деп те ойлаймын. Оған қоса, маникюр жасатамын. Бұл кезде де жұқтыру қаупі бар екен, сол себепті қалай және қашан жұқтырғанымды нақты білмеймін, — дейді ол.

Қазір Мәриям В гепатитінің созылмалы түрімен ауырады. Ол ауруын одан әрі асқындырып алмау үшін бес жылдан бері күтініп келеді. Өзінің сөзінше, бала күнінде гепатитке қарсы екпе салдырмаған.

Бұл инфекцияны жұқтырған адам дұрыс күтінбесе, бауырын зақымдап алады екен. Оған қоса, В гепатитімен ауыратындардың D гепатитін жұқтыруы мүмкін екен. Қазір денсаулығымды күтіп жүрмін, диета ұстаймын, той-томалаққа барғанда да майлы, ащы тамақ жемеуге тырысамын. Сонымен бірге бауыр циррозы, қатерлі ісік сияқты аурулардың алдын алу үшін немесе оны ерте кезеңде анықтау үшін жыл сайын тексерілемін. Дәрі-дәрмекті уақытында ішемін, дегенмен дәрігерлер В гепатитінен 100% жазылмайтынымды ескертті, — дейді ол.

Мәриямның ағзасындағы инфекция туралы егжей-тегжейлі білу үшін оның дәрігері, гепатолог әрі инфекционист Шолпан Садықовамен әңгімелестік. Дәрігердің айтуынша, В гепатиті — құрамында ДНҚ бар аса қауіпті вирустың бірі.

В гепатиті жедел және созылмалы болып екіге бөлінеді. Жедел түрінде науқаста симптомдар анық байқалады: әлсірейді, тәбеті қашады, жүрегі айниды, кіші дәретінің түсі қоңырқай болады, үлкен дәретінің түсі өзгереді, көзі және денесі сарғаяды, бөртпе шығады, басы ауырады. Адам өзінен мұндай белгілерді байқаған жағдайда дереу дәрігерге қаралғаны жөн. Ал дәрігер науқастан В гепатитін анықтаса, оны бірден инфекциялық ауруханаға жібереді, — дейді маман.

Фото: «Хабар» телеарнасы

Шолпан Садықова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Созылмалы В гепатитімен ауыратын науқас ағзасында инфекцияның бар-жоғын білмей қалуы мүмкін. Себебі көп жағдайда созылмалы В гепатитінің симптомдары білінбейді. Вирустың мұндай түрін «окультті» немесе «инфекцияның жасырын нұсқасы» деп атайды.

В гепатитінің созылмалы түрінде науқас шаршайды, құлазиды, құсқысы келеді, Кейбірі мұны уланумен немесе басқа аурулармен шатастырып жатады. Сонымен бірге гепатиттің негізгі нысаны — бауыр. Ал бауыр – «үнсіз ауыратын» ағза мүшесі. Адам 10-20 жыл бойы ешқандай ауыртпалықты сезбестен жүре беруі мүмкін, — дейді дәрігер.

Вирустың белгілері анық білінбегенімен, бұл өте қауіпті. Себебі В гепатитінің созылмалы түрі асқынған жағдайда ол бауыр циррозы, бауырдың қатерлі ісігі сияқты ауыр дерттерге ұласуы мүмкін.

Бауыр циррозы – бауыр жасушаларының фиброзды дәнекер ұлпамен қайтымсыз алмасуымен сипатталатын гепатит асқынуларының бірі. Цирроз кезінде науқас әлсізденіп, тәбеті қашады, лоқсу және құсу болады, оң жақ қабырғаның асты ауырады.

Өкінішке қарай, науқастың көбі бауыр циррозымен келеді. Науқастар ішіне сұйықтық толып, іші үлкейіп, жағдайы күрт нашарлағанда ғана дәрігерге қаралады. Бір апта ішінде бауыр циррозы және бауыр ісігінің бірінші деңгейіндегі бірнеше науқасты Александр Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығына жөнелттім, — дейді Шолпан Садықова.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

В гепатиті қалай жұғады?

В гепатитінің таралуының бірнеше жолы бар. Ол анадан балаға және қан арқылы, жыныстық қарым-қатынас кезінде және басқа да ағза бөлінділері арқылы берілуі мүмкін.

Коронавирус пандемиясынан соң адамдар денсаулығына көбірек көңіл бөле бастады. Кейбірі иммунитетін көтеру үшін инемен, сүлікпен емдеу әдісіне жүгінеді. Алайда ондағы құралдардың қаншалықты дұрыс қолданылып-қолданылмай жатқанына назар аударуды ұмытып жатады. Сонымен бірге стоматологиядағы медицина құралдары, маникюр, педикюр, пирсинг, татуаж сияқты қызмет түрін көрсететін сұлулық салондарындағы құрал-жабдық дұрыс стерильденбеген кезде В гепатиті жұғуы әбден мүмкін. Сонымен қатар жыныстық қарым-қатынас кезінде де жұғады, дегенмен мұндай жағдай сирек кездеседі. Тіпті құрғақ, қатып қалған қан тамшысының өзінде В гепатиті вирусы өмір сүре береді және басқаға жұға алады, — дейді гепатолог.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Гепатит жұқтырған адамның денесі, көзі сарғаяды. Халық мұны «сары ауру» деп атап жатады. Кейбірі сары аурудан емделу үшін бит жеу керек дейді. Тіпті 2013 жылы Алматыдағы Көкбазарда бит сататындар да пайда болған. Дегенмен бүгінге дейін биттің гепатитке қарсы емі еш жерде дәлелденбегенін ескерген жөн.

Гепатолог Шолпан Садықова да мұның миф екенін және оған қоса қауіпті әдіс екенін айтады. Себебі қан арқылы қоректеніп, адам денесінің түрлі бөлігін зақымдайтын бит басқа инфекцияларды тасымалдауы әбден мүмкін.

Бір науқас ағасының ауылдан төрт бит сатып әкеліп бергенін айтты. Оған бұл әдістің қауіпті болатынын, битпен сары ауру емделмейтінін, басқа инфекцияларды жұқтырып алуы мүмкін екенін айтып түсіндірдім. Сару аурудан, гепатиттен емделу үшін бит жеу — өте күлкілі әрі қорқынышты жағдай. Бұл — миф. Оның үстіне, биттің вирусты танитын, онымен күресетін қабілеті бар ма? Мұндай жалған ақпаратқа сенбес бұрын әр адам осы сауалды өзіне қойғаны дұрыс. Осыған ұқсас тағы бір миф бар. Кейбірі «Сары аурудан емделу үшін ұсақ балықтарды жеу керек» дегенге сенеді. Бұл да — жалған. Сол себепті мұндай нұсқаулықтарға сыни пайыммен қарауымыз қажет, — дейді инфекционист.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Қазақстанда В гепатитіне қарсы вакцина қалай және қашан салынады?

Алматы қаласында орналасқан Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Манар Смағұлдың айтуынша, В гепатитінен қорғану шарасының бірі — арнайы иммундау. В гепатитінен 98%-тен 100%-ке дейін қорғайтын қауіпсіз әрі тиімді вакцина бар. 1982 жылдан бастап дүниежүзінде В гепатитіне қарсы вакцинаның 1 миллиардтан астам дозасы қолданылды. 2008 жылы 177 мемлекет өзінің вакцинация күнтізбесіне ВГВ (В гепатитіне қарсы вакцина) енгізді. Қазақстанда В гепатитіне қарсы вакцинация 1998 жылдан бастап күнтізбеге қосылды.

Гепатолог Шолпан Садықова бүгінде өзіне келетін науқастың көбі ұлттық күнтізбе бойынша ВГВ алмаған азаматтар екенін айтады.

Бауыр циррозы, бауыр ісігіне шалдыққан науқастың көбі — 40-55 жастағы азаматтар. Мұның бірнеше себебін атай аламын. Біріншіден, Кеңес одағы кезінде бірреттік құрал-жабдық жоқ еді. Қызмет көрсету орталықтарында көпреттік құралдар қолданылды, бұл вирустың бір адамнан екіншісіне жұқтыру қаупін арттырады. Екінішіден, бұл азаматтар — елімізде вакцинация ұлттық күнтізбесі енгізілгенге дейін туғандар. Сол себепті олар бала кезінде екпе салдырып үлгермеген, — дейді маман.

Шолпан Садықова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Шолпан Садықова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Еліміздегі ұлттық күнтізбеге сәйкес, В гепатитіне қарсы екпе балаға үш рет жасалады. Біріншісін бала туған алғашқы күні перзентханада алады. Егер баланың анасы вирус жұқтырса, нәресте туғаннан кейінгі алғашқы 8-12 сағат ішінде вакцина алуы тиіс. Бала бір айдан соң екінші, төрт айдан кейін үшінші дозасын алады. Осылайша, бала бір жасқа толғанға дейін вакцинаны толық алып, ағзасында вирусқа төтеп беретін антиденелер пайда болады.

Қазақстанда В гепатитіне қарсы екпе салдыру тегін. Инфекционист әрі гепатолог ретінде кеңесім — вакцинаға жүгінген жөн, себебі бұл ауру тек бауыр циррозына емес, ісік және аутоиммун ауруларына әкелуі мүмкін, — дейді инфекционист Шолпан Садықова.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Қорыта айтқанда, көпшілігі В гепатиті жөнінде толыққанды ақпаратты біле бермейді, сол себепті бұл туралы миф те көп. Бүгінгі материалда сол жөнінде тарқатып жазуға тырыстық. Мамандар “бұл вирустың алдын алудың ең тиімді шарасы — вакцинация” дейді. Алайда қазіргі кезде гепатиттің барлық түріне қарсы екпе жоқ. Десе де көп мемлекеттің, оның ішінде Қазақстанның ұлттық күнтізбесінде В гепатитіне қарсы вакцианация енгізілген. Осы мүмкіндікті ескеріп, әр адам өз денсаулығына жауапты болуға тиіс.

Материалды әзірлеу кезінде төмендегі дереккөздер пайдаланылды:

  1. «Иммунизация на практике» 2014, С.А.Әміреев, А.С.Есмағамбетова, А.М.Қуатбаева, В.К.Таточенко, Ш.У.Жандосов, Н.Жайықбаева
  2. В гепатиті, Дүниежүзілік Денсаулық Сақтау Ұйымы, 2022
  3. Ел арасында 500 теңгеге бит сатылып жүр, Stan.kz, 2016
  4. В гепатиті вакцинасына шолу, NHS, 2021

Сонымен бірге мақалада келтірілген пікірлер материалды дайындаған авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.