COVID-19 вакцинацияcына сенімді қалай күшейтуге болады?
Елімізде коронавирус пандемиясы кезінде вакцинадан бас тартқандар көбейген. Жеті елде жүргізілген зерттеудің қорытындысы бойынша Қазақстанда вакцинаға сенбейтіндердің үлесі ең көп болып шықты.
Райгүл – пандемия өршіген тұста өз ауылындағы коронавируспен күрескен санаулы адамның бірі. Медбике әуелі өз денсаулығы үшін, сосын ауылдың мыңдаған тұрғынына үлгі болу үшін алғаш болып вакцина салдырған. Алайда ауылдастары оның ерлігін келеке қылған.
«Бәрі вакцина салдырған соң мені «бір айдан соң өледі» деп әңгіме етті. Олардың мен туралы айтқан сөзі ғылымға, медицинаға сенетін адамның өзін үрейлендіреді. Пандемия өршіп, адамдар қырылып жатқанда біздікілер жиын-тойларда вирустың ойдан шығарылғанын айтып отыратын», — дейді ол.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Алайда Райгүлдің ауылында вирус жұқтырғандар күннен-күнге көбейе берген. Егде жастағы кейбір азаматтың ауруы асқынып, төсек тартып, кейін қайтыс болған.
«Ауылда үнемі батыл сөйлейтін, көпшілікке сөзі жүретін азамат болатын. Вакцина атаулыдан үзілді-кесілді бас тартып, онымен қоймай, басқаларды да екпе салдырмауға үгіттеді. Ол өзінің денсаулығына сенімді болды, бірақ «өмірімде ауырып көрмедім» деген азамат вирус жұқтырып, бір-ақ сәтте жансақтау бөліміне түсті», — дейді Райгүл.
Кейін әлгі азаматтың вакцина алуға шамасы келмеген. Себебі коронавирус өкпесін түгел зақымдап, ауыр халге түсіріпті. Ол өмірі үшін бір айдай күресіп, ауруханада қайтыс болған.
Бұл – Қазақстанның шалғайдағы бір ғана ауылында болған оқиға. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елде мұндай жағдай жиі болатынан хабарлады.
Комитеттің дерегінше, Қазақстанда вакцинадан бас тартатындар көбейген. Мысалы, 2019 жылы вакцинаға қарсы шыққандар саны 17 мыңға жуық болған. 2021 жылдың басында (2013 жылдан бергі есеп бойынша) 22 мыңнан астам адам вакцинадан бас тартқан. Бұған дейін азаматтардың көбі екпеден діни көзқарасы үшін бас тартып келсе, қазір көпшілігі вакцинаны жеке сеніміне байланысты салдырмайды.
ДДСҰ да адамзатқа төнген он қатердің бірі – вакцинациядан бас тарту екенін мәлімдеді. Ұйым сарапшылары азаматтардың вакцинадан бас тарту себептерін анықтаған. Олар: вирустың жұқпайтынына сенім, вакцинаның қолжетімді болмауы және екпенің тиімділігіне сенбеу.
Ал Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының жеті елде жүргізген зерттеуінде Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпенің тиімділігіне сенбейтіндердің үлесі көп екені анықталған.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Сауалнамаға қатысқан мың қазақстандықтың тек 29,2%-і вакцинаға сенетін болып шықты. Мұндай сауалнама Грузияда, Қырғызстанда, Моңғолияда, Пәкістанда, Тәжікстанда және Өзбекстанда жүргізілген. Алайда вакцинаға сенетіндердің саны Қазақстанда өзге елдерге қарағанда азырақ болған. Baribar.kz сауалнамаға қатысушылардың ең жиі айтқан уәжіне жауап іздеп көрді.
"Жанама әсерінен қорқамын"
Сауалнамаға қатысушылардың көбі (32%) COVID-19-ға қарсы вакцинаның жанама әсерінен қорқатынын айтқан. Олар сол үшін вакцина салдырмауды жөн көрген.
Эпидемиолог Жұмабек Бекеновтің айтуына қарағанда, кез келген екпенің нұсқаулығында оны салдырғаннан кейін болатын жанама әсерлері анық жазылады.
Жұмабек Бекенов. Фото: Ortcom.kz
«Жиі болатын жанама әсерлерге вакцина еккен жердің ауырсынуы, қызаруы және дене қызуының көтерілуі жатады. Бұл туралы екпе жасардың алдында дәрігер де ескертуге міндетті. Одан басқа реакция болса, медицина маманымен байланысу қажет. Бірақ мұндай сирек болады. Сол үшін де екпе алған соң 30 минуттай емханада дәрігердің бақылауында болу міндеттеледі», — дейді эпидемиолог.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Адам ағзасының COVID-19-ға қарсы екпеге ғана емес, барлық вакцинаға қандай да бір реакция білдіруі – заңды нәрсе.
Жұмабек Бекенов сырттан басқа антиген енгенде ағза міндетті түрде жауап қайтаратынын айтты, кейін вирусқа қарсы антидене түзіледі.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
"Коронавирустың жұқпайтынына сенімдімін"
«Коронавирусқа қарсы вакцинаны салдырмауыңызға не себеп?» деген сұраққа респонденттердің 19%-ке жуығы «Вирустың жұқпайтынына сенімдімін» деп жауап берген. Олардың бұл уәжіне иммунолог, педиатрия бойынша жоғары санатты дәрігер, профессор, медицина ғылымдарының докторы Рафаиль Розенсон былай деп жауап берді:
«Бұл вирусты жұқтырған адаммен байланыста болғанның басым көпшілігі оны жұқтырады. Алғашқы күннен оның бұрын-соңды ешқайда кездеспегені анықталды. Сол үшін COVID-19атауы берілді. Оған қарсы иммунитет ешкімде болмады. Кейін оның түрлі қатер тудыратын штамдары шыға бастады. Кейінгі штамм – «омикроннан» өлім қатері аз болса да, тез тарайды. Ертең тағы қандай түрі шығатынын ешкім болжай алмайды. Белгісіз нәрседен қорқуымыз қажет. Пандемия әлі бітпеді, коронавирус қаупі әлі де сейілмеді», — дейді иммунолог.
"COVID-19-ға қарсы вакцина тез әзірленді. Бұл күмән туғызады"
Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институтының сауалнамасына қатысқандардың тағы бір сыпырасы вакцинаның өте аз уақыт ішінде дайындалғанын, ал екпеге кем дегенде 5-10 жыл сынақ жүргізілуі керек екенін айтып, күмән келтірген.
Эпидемиолог Жұмабек Бекеновтың айтуынша, COVID-19-дың кесірінен дүниежүзінде пандемия жарияланғаннан соң ғалымдар, дәрігерлер мен мемлекеттік ұйымдар күш біріктіріп, оған қарсы вакцинаны тез арада әзірлеуге көп ресурс жұмсады.
2022 жылғы маусымдағы дерек бойынша дүниежүзінде коронавирусты 550 миллионнан астам адам жұқтырып, салдарынан 6,3 миллионнан астам адам қайтыс болды.
2020 жылдан бастап дүниежүзі бойынша коронавирусқа қарсы 200-ден астам вакцина жасалды. Бүгінге дейін екпенің кейбірі клиникалық кезеңнің бірнешеуінен сәтті өтсе, енді біреулері ДДСҰ мақұлдауын алып үлгерді.
«Кандидат вакцинаның қауіпсіз және тиімді екенін анықтау үшін бірнеше клиника зерттеуінен мұқият өткізіледі. Әдетте зертханаларда зерттелген және жануарларда сыналған вакциналардың жүзінің жетеуі ғана клиника зерттеуіне мақұлданады. Клиника зерттеу сатысына жеткен вакциналардың бесеуінің біреуі ғана сәтті өтеді», — делінген ДДСҰ мәлімдемесінде.
Дүниежүзінде және Қазақстанда коронавирусқа қарсы жасалған вакциналар туралы сұрақтардың жауабын Ekpebar-дың мына мақаласынан табуға болады.
«Иммунитетім мықты, ал вакцина оны әлсіретеді»
Респонденттердің арасында «Вакцинаны иммунитетті өлтіреді, ол жер бетіндегі адам санын азайту мақсатында шығарылған» деп есептейтіндер де бар болып шықты.
Рафаиль Розенсонның айтуынша, вакцина арқылы адам иммунитетін әлсірету немесе «өлтіру» мүмкін емес. Мұның ешқандай жолы жоқ.
«Алғашқы вакцина адамзатқа 1790 жылдардың аяғында егілген, бүгінге дейін ол қолданыстан шыққан жоқ. Содан бері 230 жылдай уақыт өтті, жер бетіндегі адам 300 миллионнан 8 миллиардқа дейін көбейді. Вакцинаның иммунитетке қандай да бір зияны болса, адамзат мұндай қарқынмен көбейе алмас еді. Вакцинаның мақсаты — иммунитетті күшейту. Екпенің арқасында адам ағзасы вакцина арқылы алдын алуға болатын инфекцияларға антидене түзіп жауап береді», — дейді иммунолог.
Адамзаттың вакцинадан жаппай бас тартуы неге қауіпті?
Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Павел Дерябиннің айтуынша, жұқпалы аурулар ұзақ уақыт бойы көп адамның өліміне себеп болды. Мұндай кезде орташа өмір сүру ұзақтығы да қысқарады.
Сонымен бірге ол оба, тырысқақ және шешек эпидемиясын еске алды. Павел Дерябин табиғи шешекті жеңу қазіргі заман медицинасының ірі жетістігінің бірі деп есептейді. Адамзат бұған жаппай вакцинацияның арқасында жетті.
«Шешек ауруы пайда болған 12 мың жылдың ішінде 300-500 миллион адамның өмірін қиды. Бубон обасынан 75-200 миллион адам қайтыс болды. Міне, қазір вакцинаға қарсы шығып жүргендер бұл нәубетті ұмытты», — дейді дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы.
2021 жылғы наурызда Тәжікстанда полиомиелит өршіді. Ел билігі вирустың өршуіне азаматтардың оған қарсы вакцинаны уақытылы салдырмағаны себеп болғанын хабарлады.
COVID-19 вакцинацияcына сенімді қайткенде күшейтеміз?
Дәрігерлер пандемияны жеңуге көмектесетін бірден-бір жол – ұжымдық иммунитет қалыптастыру керек екенін тағы да еске салды.
Вакцина салдырған адам өзін ғана емес, қоғамдағы вакцина алуға мүмкіндігі жоқ адамдарды да (иммун жүйесі әлсіз (қатерлі ісік немесе АИТВ) және екпеге аллергиясы бар адамдар) қауіпті аурудан құтқара алады. Осылайша, әр адам өзі үшін вакцина алса, қоздырғыштардың таралуын тежеп, басқаларды да құтқаруға ат салысады. Мұны «ұжымдық иммунитет» деп атайды.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Эльвира Ибрагимова кейінгі кезде балалар да коронавирусты жиі жұқтырып жүргенін айтып отыр. Сол үшін балабақша мен мектептерде ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет.
Маманның айтуынша, иммунитет қалыптаспаған ортада бір адамнан вирус анықталса, оның айналасындағы басқаларының да жұқтыру ықтималдығы жоғары болады.
«Жақында ғана ауруханаға хирургиялық себеппен түскен науқас коронавирус жұқтырыпты. Біз оны үш күн өткен соң білдік. Біздегі дәрігерлердің бірі вакцина алмаса, вирустың таралу қаупі төніп тұр екен. Бұдан бізді ұжымдық иммунитет сақтап қалды», — дейді Эльвира Ибрагимова.
Ал Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастығы институты азаматтардың COVID-19-ға қарсы вакцинаға сенімін арттыру үшін медицина қызметкерлерінің кеңесін мұқият тыңдауға кеңес береді.
Жоғарыдағы сауалнамаға қатысқан респондентің көбі (72%) коронавирустан емделетін кезде ең әуелі медицина қызметкеріне сенетінін айтқан.
Эпидемиолог Эльвира Ибрагимованың әкесі де пандемияға, оның қауіпті екеніне сенбеген. Ол осы оқиғаны мысалға келтіріп, дәрігерлердің сөзін тыңдау керек екенін тағы айтты.
«Әкем коронавирустың қауіпті екеніне сенбеді. Ал анам бір вирусқа дүниежүзінің қарсы тұруы бекер емес екенін түсінді. Пандемия өршігенде ауырып, жансақтау бөліміне түскенше, вакцина алу — ең дұрыс жол екенін жиі айтатынмын. Анам екпені бірден салдырды, ал әкем қарсы болды. Сосын ол коронавирус жұқтырып, қатты ауырды. Вакцинаны ауырған соң алты айдан соң салдыруы керек. Енді вакцина алайын десе, қайта-қайта ауырып қала берді. Ол әлі күнге дейін аурудың зардабын көріп жүр, ағзасы өте қатты әлсіреді», — дейді ол.
Эльвира Ибрагимова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Дәрігер «Адамдар мұндай кезде денсаулығына қанша жерден сенімді болса да, қауіпті вирус бәрібір өз дегенін істейді», «Әр адам денсаулығына жауапты екенін түсінуі керек» деп қорытындылады.
«Әрине, дәрігерлер ауырған адамға барынша көмектеседі, бірақ кейде бәрі кеш болуы мүмкін. Оған бір ғана әкемнің оқиғасы мысал бола алады», — дейді Эльвира Ибрагимова.
Пандемияны жеңуде эпидемиология мәдениеті маңызды роль атқарады.
Орталық Азияда жүргізілген зерттеу қорытындысында да адамдардың санитария-гигиена нормасын сақтап, отырған жерін жиі дезинфекциялап, вирус өршігенде маска тағып және көп адам жиналған жерге бармау арқылы «эпидемиология мәдениетін» және «эпидемиология мінез-құлқын» қалыптастыратыны жазылған.
Біз сөйлескен дәрігердің бәрі азаматтарға әр ақпаратқа сыни пайыммен қарап, кәсіби маманның сөзіне ғана сенуге және медиасауатын үнемі арттырып отыруға кеңес берді.
Материалды әзірлеу кезінде төмендегі дереккөздер пайдаланылды:
- Десять проблем здравоохранения, над которыми ВОЗ будет работать в 2019 году, ДДҰ, 2019
- Анализ отношения общества к вакцинации от COVID-19 в отдельных странах ЦАРЭС, 2021
- Коронавирус в мире: данные по странам и регионам, 2022
- ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті, 2021
- Как изменилось отношение к медиаграмотности в Центральной Азии с приходом пандемии, Internews , 2020
- Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинация туралы жиі қойылатын сұрақтар, Gov.kz, 2021
- Как работают вакцины?, ДДСҰ, 2020
Мақалада келтірілген пікірлер материалды дайындаған авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.