Дүниежүзі және Қазақстанда коронавирусқа қарсы жасалған вакциналар туралы не білеміз?
Қазақстан азаматтары коронавирусқа байланысты енгізілген карантин шектеулерінсіз қалыпты өмірге үйреніп қалды. Алайда кейінгі күндері елімізде инфекция жұқтырғандар саны көбейе бастады. Мысалы, бір аптада Қазақстанда 1744 адамнан коронавирус анықталған. Өкінішке қарай, бұл статистика күннен-күнге өсіп жатыр. Алматы коронавирус жағдайы бойынша «сары» аймаққа өтті, маска тағу режимі қайта енгізілді. Бұл – коронавирустан сақтану амалдары мен вакцина туралы білімімізді қайта жетілдіру керек деген сөз.
Baribar.kz медицина ғылымдарының докторы, Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Павел Дерябин және Алматыдағы орталық клиника ауруханасының эпидемиологы Эльвира Ибрагимованың көмегімен COVID-19-ға қарсы жасалған вакциналар, олардың ерекшеліктері мен айырмашылықтарын тарқатып жазуды жөн көрді.
Эльвира Ибрагимова - Алматы орталық клиника ауруханасының эпидемиологы. Baribar журналистері тақырып бойынша сұхбаттасуға барғанымызда эпидемиологты сәл күте тұрдық. Өйткені дәрігер коронавирусқа қарсы ревакцинация салдырып келе жатыр екен.
Үш жылдан бері коронавируспен ауырғандарды емдеп, елдегі ахуалды зерттеп жүрміз. Бір байқағаным, жазғы маусымда вирус қатты өршиді. Бұл жолы да солай. Кеше ғана жаңалықтардан инфекция жұқтырғандардың көбейгені айтылды, — дейді эпидемиолог.
Эльвира Ибрагимова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы
2020 жылдан бастап дүниежүзі бойынша коронавирусқа қарсы 200-ден астам вакцина жасалды. Бүгінге дейін екпенің кейбірі клиникалық кезеңнің бірнешеуінен сәтті өтсе, енді біреулері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақұлдауын алып үлгерді.
ДДҰ-ның мәлімдеуінше, коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның көп болғаны маңызды, өйткені эффектісі жоғары әрі ең қауіпсізі халық арасында жаппай қолданысқа еніп, пандемияны тоқтатуға көмектеседі.
Қазақстанда қазір COVID-19-ға қарсы Спутник V, Спутник Лайт, Sinovac-CoronaVac, Sinopharm, QazVac, және Pfizer вакциналары пайдаланылады. Бұл вакциналар COVID-19-дан қорғағанымен, олар бір-бірінен ерекшеленеді. Медицина ғылымдарының докторы, профессор Павел Дерябиннің айтуынша, вакцинаның бірнеше типі бар. Оның ішінде коронавирусқа қарсы екпе жасағанда инактив, векторлық және генетикалық материал негізіндегі вакцина типтері қолданылған.
Вакцина типтері
Өлтірілген немесе инактив вакцина — жасанды ортада өсіріліп, кейін химиялық, термиялық немесе радиациялық жолмен өлтірілген микроб бөлшегін, бактерияны немесе вирусты пайдаланып жасайтын вакцина түрі. Белсенді емес қалыпқа түскен микроорганизм немесе вирус кейін адам ағзасында ауру тудырмайды, дегенмен ифекцияға қарсы иммунитет қалыптастырады.
CoronaVac, QazVac, Sinopharm екпелері инактивті тип бойынша жасалып өндірілген, — дейді дәрігер Павел Дерябин.
Векторлық вакцина – вектор қолдану арқылы жасалатын екпе. Мұндағы вектор дегеніміз — қауіпсіз вирус. Вектор ретінде суық тию сияқты ауруды тудыратын аденовирустарды қолданады. Медицина ғалымдарының докторы Павел Дерябиннің сөзінше, бұл вакцина түріне «Спутник V» және «Спутник Лайт» екпелері жатады.
Векторлық вакцинаны түсіндіру үшін көзімізге пойызды елестетейік. Оның вагондарын тарту үшін пойыздың тепловозы, паравозы, электровозы бар. Дәл сол секілді бұл екпе түрінің векторы бар. Вектор — аденовирус, бұл вирус каркас, яғни паровоз сынды тасымалдаушы рөлін атқарады. Ол вирусқа COVID-19 вирусының генетикалық кодын енгіземіз. Кейін дайын вакцина адам ағзасына түскенде, вирус жасушаға енеді және онда адам қорғануы керек вирус ақуыздарын түзеді. Келешекте бұл ақуыздар ағзаға вирусты тануға және онымен күресуге мүмкіндік береді, — дейді профессор.
Павел Дерябин. Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Генетикалық материал негізінде жасалған вакцина – нуклеин қышқылына негізделіп жасалған екпе. Вакцина құрамында тірі вирус жоқ, сол себепті одан COVID-19 инфекциясын жұқтыру мүмкін емес. Онда SARS-CoV-2 вирусының омыртқалы ақуыз деп аталатын маңызды бөлігінің генетикалық коды бар. Вакцинациядан кейін адам денесі соның көшірмесін жасайды. Кейін адамның иммун жүйесі SARS-CoV-2-ні танып, онымен күресуді үйренеді.
Биотехнология, генетика және иммунология салалары кейінгі 20-50 жылда көп жетістікке жетті. Бұрын мүмкін емес, ертегі сияқты көрінген құбылыстар бүгінде қалыпты жағдайға айналды. Қазіргі кезде рекомбинант ДНҚ технологиясының арқасында вирусты өсіруді, оны қажетімізге пайдалануды үйрендік. Сонымен бірге пандемия кезінде вакцина дайындауда ДНҚ және мРНҚ арқылы вакцина жасаудың жаңа әдістері қолданылды. Бұлар — өте күрделі әдіс, — дейді Павел Дерябин.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Ғалымдар коронавирусқа қарсы жасалған екпелерді қандай тип бойынша жасайтынын және олардың ерекшеліктерін білдік. Енді елімізде қолданылған COVID-19-ға қарсы вакциналарға тоқталайық.
Спутник V
Спутник V - ресейлік векторлық вакцина. Оны Гамалея атындағы эпидемиология және микробиология институты әзірледі. Бүгінде бұл екпе 71 елде мақұлданған. Бір қызығы, ғалымдар вакцинаның атауын алғашқы кеңестік ғарыш спутнигімен байланыстыруды жөн көріпті. Олардың айтуына қарағанда, 1957 жылы кеңестік «Спутник-1» жер орбитасына шығып, адамзаттың жаңа ғарыш дәуірін ашса, «Спутник V» «коронавируссыз» жаңа дәуірді қалыптастырады. Оған қоса атаудағы «V» — рим цифры емес, «ви» дыбысы. Бұл Victory (виктори) «жеңіс» және Vaccine «вакцина» деген мағынаны арқалайды екен.
Спутник V вакцинасының екі дозасын 21-28 күн аралығында алу қажет.
Бір қызығы, Спутник V-дің екі дозасы екі түрлі вакцина сияқты жасалған, яғни оның екі компонентіндегі вектор әртүрлі. Меніңше, бұл — өте тиімді әдіс. Себебі бірінші дозаны енгізгеннен кейін адамда коронавирусқа да, векторға да қарсы иммунитет қалыптасады да, ол екеуінен де қорғануға тырысады, яғни ақуыз бөлуі қажет векторға да қарсы тұруы мүмкін. Ал екінші дозада жаңа вектор пайдаланылады. Себебі екі дозада да бірдей вирус қолдансақ, біріншісінде векторды танып үлгерген адам ағзасы оған қарсы тұрып, қажет ақуызды бөлуге мүмкіндік бермеуі ықтимал. Ал Спутник Лайт екпесі «Спутник V» вакцинасының бірінші компоненті болып есептеледі. Оның тек бір дозасы бар және ревакцинация үшін қолданылады , — дейді Павел Дерябин.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Pfizer
Pfizer/ BioNTech — BioNTech неміс компаниясының америкалық Pfizer және қытайлық Fosun Pharma компаниясымен бірлесіп жасаған коронавирусқа қарсы вакцинасы. Оған қоса, бұл екпе түрін Comirnaty деп те атайды. Бүгінде Pfizer вакцинасын 159 мемлекет қолданады, оның ішінде Қазақстан да бар. Бұл екпе Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындаған ең алғашқы вакцина болып саналады.
Иммундау бойынша сарапшылардың стратегиялық консультативтік тобы «Pfizer — ең қауіпсіз әрі тиімді вакцина» деп баға берді.
Pfizer — SARS-CoV-2 вирусының бір бөлігінің кодын жасушаға енгізетін мРНҚ вакцинасы, сондықтан организм антигенді өздігінен шығара бастайды, ал иммун жүйесі тиісті иммун реакциясын білдіре алады.
Бұл вакцинаны бұлшықет ішіне енгізеді. Вакцинация үшін үш апта аралықпен екі дозаны енгізу қажет. Алматыдағы орталық клиника ауруханасының эпидемиологы Эльвира Ибрагимованың айтуынша, бұл вакцинаның басқаларға қарағанда ерекшілігі — екпенің -60-80°C градус температурада сақталуы.
Әр вакцинаны сақтау температурасы әртүрлі. Бұл нәрсе өте маңызды, себебі вакцина тиімділігі оның дұрыс температура деңгейінде сақталуына тікелей байланысты. Белгілі бір кезеңде вакцинаны сақтау кезінде температура режимі бұзылған жағдайда оны екпе емес, жай ғана су деуімізге болады, яғни ешқандай әсерін бермеуі мүмкін, — дейді эпидемиолог.
Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Вакцинация вирустың жаппай тарауының алдын алады. Роберт Кох институты вакцинаның екі дозасын алғандар вакцинацияланбаған адамдарға қарағанда коронавирусты жұқтыруы және оны басқаларға тасылмалдау мүмкіндігі аз екенін дәлелдеген.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Коронавирусқа қатысты пандемияның бірінші толқынында вирусты көбіне егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдар жұқтырды, кей науқас одан қайтыс болды. Алайда инфекцияның жаңа штаммдары пайда болғаннан кейін балалар мен жасөспірімдер арасында да коронавирус ауруы жиі тіркеле бастады. Сол себепті дәрігерлер мен ғалымдар балалар үшін де жарамды вакцина ойлап табу керек екенін түсінді. Ал Pfizer — дәл осы критерийге сай екпе. ДДҰ-ның мәліметінше, Pfizer вакцинасын 5 жастан асқан кез келген адам салдыра алады. Ал бұл екпе елімізде тек 12 жастан салынады. Эпидемиолог Эльвира Ибрагимованың айтуынша, ата-аналар вакцинадан қорқудан гөрі баласын вирустан қорғаудың амалын ойлағаны жөн.
Қазіргі жастар, ата-аналар миллиондаған адамның өмірін қиған эпидемия кезеңдерін басынан өткермеген, сол себепті вакцинацияны қажетсіз дүние деп ойлайды, бірақ біз ауруханада жұмыс істеген соң түрлі жағдайды көрдік. Палатадағы науқастың жазылып кетуін қанша қаласақ та, тілесек те, айырылып қалып жатқан кездеріміз болды. Маған ауыр тиді. Бұл вирустың қаншалықты қауіпті болғанын ескеріп, балаларыма ол туралы толық түсіндіргенім дұрыс деп есептедім. Алайда менің екі жасөспірім балам жұмысымның қиын екенін өздері байқаған секілді. Мен айтпасам да, өздері вакцина қабылдауды жөн көріпті. Меніңше, бұл — cаналы шешім. Әр адам өз денсаулығына жауапты болуға тиіс, — дейді Эльвира Ибрагимова.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Бұған қоса, Pfizer вакцинасын жүкті әйелдер және емізулі баласы бар аналар да салдыруына болады.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Sinovac-CoronaVac және Sinopharm
Sinopharm – Бейжің биология өнімдері институтында әзірленетін Sinopharm компаниясының инактивті вакцинасы. ДДҰ оны 2021 жылғы 7 мамырда мақұлдаған. Екпенің 21 күн аралықпен салынатын екі дозасы бар.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Sinovac-CoronaVac — Қытайдың Sinovac биофармацевтика компаниясы әзірлеген коронавирус инфекциясына қарсы вакцина. ДДҰ бұл екпені 2021 жылғы 1 маусымда мойындады. Оның екі дозасы бар, аралығы екі-төрт апта болуы қажет.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Екі вакцинаны да 18 жастан асқан кез келген адам салғызуына болады. Дегенмен ДДҰ әлі күнге дейін CoronaVac және Sinopharm вакциналарын жүкті әйелдерге салуға қатысты кесіп шешім айта алмады. Олар екпе пайдасы ықтимал қауіптен асып түскен жағдайда бұл вакцина түрлерін егуді ұсынады. Ал лактация кезіндегі, яғни бала емізетін аналарға вакцинаның зияны жоқ, тіпті вакцинаны алғаннан кейін де баланы емізуіне болады.
QazVac
QazVac — қазақстандық инактив вакцина. Оны білім және ғылым министрлігінің биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты жасаған. Қазір бұл вакцина Қазақстанда сәтті қолданылып келеді. QazCovid-in 2021 жылы Қырғызстанда да ресми тіркелді. Эффективтілігі — 82%, бірақ ДДҰ оны мақұлдамаған.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Профессор Павел Дерябиннің сөзінше, QazVac – Қазақстанның үлкен жетістігі.
Қазақстандық ғалымдардың коронавирусқа қарсы вакцинаны инактивті тип бойынша әзірлепті. Меніңше, бұл — дұрыс шешім, себебі бұл бұрыннан қолданылып келе жатқан классикалық тәжірибе, — дейді медицина ғылымдарының докторы.
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов
Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша коронавирус ахуалы мәз емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың кем дегенде 70%-і коронавирусқа қарсы екпе салдыруы керек екенін және санитария шектеулерін қайта енгізуге дайын болуға үндеді. Сонымен бірге медицина ғылымдарының докторы Павел Дерябин және эпидемиолог Эльвира Ибрагимова да коронавирус инфекциясымен күресудің, оның қайтадан ушығуының алдын алудың ең дұрыс әдісі вакцинация деп отыр. Елімізде 13 мыңнан астам науқас коронавирус инфекциясынан қайтыс болды, осы жағдай тағы қайталанбас үшін коронавирус инфекциясына қарсы вакциналар туралы жіті біліп, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін вакцинацияға жүгінгеніміз жөн.
Материалды әзірлеу кезінде төмендегі дереккөздер пайдаланылды:
- Различные типы вакцины, ДДҰ, 2021 жыл
- Вакцины от COVID-19 в Казахстане, Egu.kz
- О Спутник V, Sputnikvaccine.com
- О Спутник Лайт, Sputnikvaccine.com
- Что необходимо знать о вакцине против COVID-19 Sinovac-CoronaVac, ДДҰ, 2021
- Что необходимо знать о вакцине против COVID-19 Sinopharm, ДДҰ, 2022
- Что необходимо знать о вакцине против COVID-19 компании Pfizer BioNTech (BNT162b2), ДДҰ, 2022
- Қазақстандағы вакцинация мектебі қалай қалыптасты? Baribar.kz, 2022 жыл
- Қазақстандағы коронавирусқа қатысты статистика. Coronavirus2020.kz, 2022
- Успехи, достигнутые благодаря вакцинам, вселяют надежду на будущее, ДДҰ, 2020
- Comirnaty препараты туралы жалпы ақпарат, Сomirnatyeducation.kz
- COVID-19 және қатер топтары, Egu.kz
Сонымен бірге мақалада келтірілген пікірлер материалды дайындаған авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.