Артқа
virus virus

Коронавирусқа қарсы вакцина бала сүюге бөгет бола ма?

Коронавирусқа қарсы вакцина бала сүюге бөгет бола ма?

Қазақстанда 2022 жылғы 2 тамыздағы дерек бойынша 41 мыңнан астам жүкті әйел коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші дозасын, ал 39 мыңнан астамы екінші дозасын салдырған. Алайда «вакцинаның кесірі көп», «бедеулікке алып келеді», «балаға зияны тиеді» деп ойлайтындар да жоқ емес. Біз олардың пікірін тыңдап, ақиқатын медицина мамандарынан сұрадық.

24 жастағы Алматы тұрғыны Сезім (есімі өзгертілді – ред.) 2022 жылғы 7 шілдеде екінші баласын дүниеге әкелді. Ол бала көтергенге дейін де, кейін де коронавирусқа қарсы вакцина салғызбаған.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

«Дәрігер екпе салдырғаным жөн екенін айтты, бірақ әлі жіті зерттелмеген екпені алуға қорықтым. Себебі «балама зияны тие ме» деп ойладым. Сол үшін екпе паспортын сатып алуға мәжбүр болдым», — дейді ол.

Репродуктолог, профессор, Қазақстанның репродуктив медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин коронавирусқа қарсы егіліп жатқан вакциналардың қауіпсіз екеніне сендірді.

Вячеслав Локшин. Фото жеке архивінен

Вячеслав Локшин. Фото жеке архивінен

«Соның ішінде жүкті әйелдерге, жасөспірімдерге және бала емізіп жүрген әйелдерге ең бірінші ұсынылған, Pfizer/BioNTech компаниясы әзірлеген мРНҚ вакцинасы толық тексерістен өткен. Сондықтан Қазақстан билігі де осы вакцинаға тапсырыс берді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Pfizer-дің SARS-CoV-2 инфекциясына қарсы тиімділігі 95% екенін анықтады. Бұл вакцина әуелі буаз жануарларға салынды, кейін Израильде, АҚШ-та және Германияда сынақтан өтті. Сынақ нәтижесінде вакцинаның жүкті әйелдерге және олардың баласына теріс әсері жоқ болып шықты. Міне, бір жылға жуық уақыттан бері вакцина жүкті және бала емізіп жүрген әйелдерге, балалар мен жасөспірімдерге егіліп келеді», — дейді репродуктолог.

Бізбен сөйлескен Асыл есімді келіншек (есімі өзгертілді – ред.) қазір балалы болуды жоспарлап жүр. Ол туыстарының WhatsApp-тағы чатына келген вакцина туралы хабарламадан кейін оны салдырудан түбегейлі бас тартқан.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

«Хабарламада COVID-19-ға қарсы вакцинаның бедеулікке себеп болатынын оқыдым», — дейді ол.

Ал Вячеслав Локшин вакцина адамның репродуктив қызметіне әсер етпейтінін айтып отыр. Бұған қазірдің өзінде көптеген зерттеу дәлел бола алады. Оның сөзінше, миллиондаған адам вакцинациядан кейін де балалы болып жатыр.

«COVID-19 вакциналары бедеулікке әкелмейді, өйткені вакциналардағы (QazVac, SinoVac, Sinopharm) вирус өлтірілген. Мұндай технология көп жыл бойы қолданылып келеді. Векторлық және мРНК вакциналардың құрамында COVID-19 вирусының генетикалық материалы бар, ол репродуктив функцияға әсер етпейді. Вакциналар зерттеудің бәрінен өтті және олар тек ағзада антидене өндіреді, басқа ешқандай әсері жоқ. Сондықтан вакцинаның кесірінен бедеу болып қаламын деп қауіптенуге себеп жоқ. Керісінше, біз көп жыл бойы жүкті әйелдерге тұмауға қарсы вакцинацияны ұсынып келеміз. Жүкті де, жүкті емес те әйелдер тұмауға қарсы екпені салдырып жүр, ешқандай салдары болған емес», — дейді репродуктолог.

Вячеслав Локшиннің экстракорпораль ұрықтандыру (ЭКҰ) саласында жұмыс істегеніне 25 жылдан астам уақыт өткен. Ол бізге әйел мен ердің қандай жағдайда бедеулікке тап болатынын түсіндірді.

Әйелдің бедеулігіне овуляцияның бұзылыстары, репродуктив органдарының зақымдануы немесе аномалиясы (жатыр немесе жатыр мойны аномалиясы, фаллопия түтігінің зақымдануы немесе бітелуі), эндометриоз, аналық бездердің жеткіліксіздігі, қатерлі ісік немесе оның емі (сәулелік терапия, химиотерапия) және тағы басқалары себеп болуы мүмкін.

Ал ерлер бедеулігінің негізгі себептеріне шәуеттің бұзылуы, обструкция яғни шәует өтетін жолдардың бітеліп қалуы, гормонал бұзылыстар, қатерлі ісік пен оны емдеу жолдары жатады. Сонымен бірге паротитке қарсы вакцина алмаған ер балалар паротитпен ауырса, оларда осы аурудың ең көп кездесетін асқынуы – орхит яғни аталық бездің қабынуы дамуы мүмкін. Бұл асқыну ерлердің бедеулігіне алып келуі мүмкін.

«Қазір тіпті бедеуліктің не себепті болғанын анықтау мүмкін емес жағдайлар да кездеседі», — дейді маман.

Репродуктолог әйел мен ердің репродуктив жүйесіне вакцинаның емес, керісінше, коронавирустың кесірі көбірек тиетінін айтты.

«Зерттеулерден шын мәнінде COVID-19 вирусының адамның репродуктив жүйесіне кесірі байқалды. Ерлердің сперматозоидтары азаюы, әйелдердің циклі бұзылуы мүмкін, бірақ оны қалпына келтіруге болады. Біздің клиника мамандарының жұмысы нәтижесінде ерлердің спермограммасын қалпына келтіре алдық, бірақ оның сапасы қалай өзгергені анықталмады. Сол үшін вирусты жұқтырмауды ойлау керек, дегенмен вакцина салдырған адам вирус жұқтырып алса, оның қаупі едәуір азаяды», — дейді профессор Вячеслав Локшин.

Вакцинация паспортын сатып алған жүкті әйелдің денсаулығына қандай қауіп бар?

Репродуктологтың сөзінше, COVID-19 ең әуелі әйелдің өзіне, кейін баласына қауіпті. Себебі коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерде басқа да аурулардың асқынуы жиі байқалады.

«Жүктіліктің өзі иммундық супрессия жағдайын білдіреді, яғни иммунитет әлсірейді, өйткені жүкті әйел бөтен ұрықты көтеріп жүр, оның ағзасында бөтен ген бар. Сол үшін жүкті әйелдің ағзасы вирусты тез жұқтыруға бейім. Екінші фактор — жүктілік кезінде, әсіресе, екінші және үшінші триместрде гиперкоагуляция дамиды, яғни қанның ұюы жоғарылайды. Босану кезінде ағза табиғи түрде аз қан жоғалтуға алдын-ала дайындалады, ал коронавирус қанның ұюына кедергі болады, осылайша, тромбоз процесін күшейтеді. Сол үшін коронавирус жүкті әйелдердің жағдайын қиындатады. Пандемия өршіген кезде көп елде, соның ішінде Қазақстанда да ана өлімі көбейді. Жүктілік кезіндегі аурулардың асқынуы, түсік тастау, мерзімінен бұрын босану – COVID-19-дың кесірі. Мұндай қауіптердің болатыны шетелдік ғалымдардың зерттеулерінде де дәлелденді», — дейді маман.

Вячеслав Локшиннің сөзін вирусолог, санитар-эпидемиология сараптама маманы Гауhар Нүсіпбаева да растап отыр.

Гауhар Нүсіпбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Гауhар Нүсіпбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«COVID-19 жұқтырған жүкті әйелдердің ауруы жүкті емес әйелдерге қарағанда тез асқынатыны рас. Мұны ауруханаға, қарқынды терапияға жиі түсетін және инвазив желдетуді қажет ететінін жүкті әйелдердің көбеюінен байқауға болады. Әсіресе, орта жастан асқан жүкті әйелдер, артық салмағы бар, гипертония немесе қант диабеті сияқты созылмалы аурулары бар адамдар COVID-19 жұқтырса, ауруының асқыну қаупі жоғары», — дейді вирусолог.

2022 жылғы қаңтарда Nature Medicine журналында жарияланған зерттеу қорытындысы вакцина алмаған, COVID-19 жұқтырған жүкті әйелдердің өлі туу қаупі жоғары екенін көрсеткен. Зерттеу Шотландияда 2020 жылғы наурыз бен 2021 жылғы қазан аралығында жүргізілген. Оған 144 мыңнан астам жүкті әйел қатысқан.

Осы зерттеуде ауруханаға және реанимацияға түскен жүкті әйелдің көбі вакцина алмағаны анықталған.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Инфографика: Бекзат Исамбергенов

Репродуктолог Вячеслав Локшин мұндай қауіптерді болдырмаудың ең сенімді амалы — вакцина салдыру екенін айтты.

«Вакцина болмаған кезде біз «дельта» штамының ауыр пневмония тудыратынын және жүктіліктің дамуына кедергі келтіретінін, мерзімінен бұрын босанудың көбейгенін көрдік. Бұл туралы көп мәлімет жарияланды. Қазір өршіп тұрған «омикроннан» пневмония мен өлім қаупі төмен екенін білеміз, бірақ оның ұрыққа қалай әсер ететіні әлі анықталмады. Сондықтан жүкті әйелдер үшін кез келген вирус қауіпті. Одан сақтану үшін отбасы мүшелері вакцина алуға тиіс немесе әйел де вакцина салдырып, сенімді жүруіне болады», — дейді ол.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарына қарағанда, Қазақстанда 2022 жылғы 20 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандар саны көбейді. Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудниктің 27 шілдедегі мәліметінше, стационарда емделіп жатқан науқастар арасында әйелдер көп, 249 жүкті әйел бар.

Вирусолог Гауhар Нүсіпбаеваның айтуынша, «омикронның» «дельтаға» қарағанда таралу жылдамдығы жоғары.

Гауhар Нүсіпбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Гауhар Нүсіпбаева. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Сол үшін қазір елде инфекция бірден өршіп, тез таралып жатыр. «Дельтамен» салыстырғанда, өлім қаупі аз болса да, тез таралуының кесірінен ауруханаға түсетіндер күн сайын көбейіп барады. Бұл, әсіресе, халықтың әлжуаз (осал) топтарының вирусты тез жұқтыруына әсер етеді», — дейді вирусолог.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Инфографика: Бекзат Исамбергенов

Вакциналар жүкті әйел мен баланы шынымен вирустан қорғай ма?

Вячеслав Локшиннің айтуынша, әйел вакцина салдырса, балаға емшек сүті арқылы антидене беріледі.

«Сол арқылы әйел өзін ғана емес, баласын да инфекциядан қорғай алады», — дейді ол.

Маманның бұл сөзіне шетелдік бірнеше журналда жарияланған зерттеу қорытындысы дәлел бола алады.

American Journal of Obstetrics and Gynecology журналында Pfizer/BioNTech және Moderna вакциналарын салдырған жүкті әйелдердің қаны мен емшек сүтінен COVID-19-ға қарсы антиденелер анықталған. Мұндай қорытынды басқа медицина басылымдарында да жарияланды.

Айта кетейік, биылғы ақпандағы дерек бойынша Ұлыбританияда 100 мыңнан астам жүкті әйел COVID-19-ға қарсы вакцина салдырған. New England Journal of Medicine журналының 2021 жылғы маусымда жариялаған зерттеуінде Pfizer/BioNTech (Comirnaty) немесе Мoderna (Spikevax) вакцинасын салдырған 35 мың жүкті әйелге екпенің кесірі тимегені анықталған. Ал Бразилияда 2022 жылғы ақпандағы дерек бойынша 1 миллионнан астам жүкті әйел вакцина алған. Көбі Pfizer-BioNTech вакцинасын, 296 мыңнан астамы Sinovac-CoronaVac вакцинасын, ал 60 мыңнан астамы AstraZeneca-ны салдырған. Бүгінге дейін жүкті әйелдерде екпенің жағымсыз салдары байқалмаған.

Балалы болуды жоспарлап жүрген немесе жүкті әйелдер вакцинаны қай кезде алғаны жөн?

«Вакцинаны жүктіліктің 16-аптасынан кейін салдыруға кеңес береміз. Себебі бұл кезде ұрық толық қалыптасады. Айта кету керек, бірінші триместрде қандай да бір вакцина салдырмаған жөн. Өйткені бұл кезеңде өздігінен түсік тастау ықтималдығы жоғары, оған екпенің қатысы болмауы да мүмкін, бірақ сол кезең вакцинамен қатар келіп қалмағаны жөн. Қазір Қазақстанда да вакцина салған жүкті әйелдер арасында зерттеу жүргізіліп жатыр. Әзірше әйелге де, ұрыққа да жағымсыз әсері тіркелмеді», — дейді Вячеслав Локшин.

Дәрігердің айтуынша, әйел жүкті екенін вакцина салғаннан кейін білсе, ондай жағдайда түсік тастауға негіз жоқ.

Инфографика: Бекзат Исамбергенов

Инфографика: Бекзат Исамбергенов

37 жастағы Алматы тұрғыны Эльмира балалы болуды жоспарламас бұрын дәрігерімен ақылдасқан, жүктілікке дейін екпе туралы зерттеулерді оқып, мұқият зерттеп барып қана салдырған.

«Былтыр пандемия өршіп тұрғанда офисте жұмыс істейтіндерге вакцина алу міндеттелді ғой. Сол кезде дәрігеріммен және гинекологпен ақылдастым. Олар бала сүюіме вакцинаның кесірі болмайтынына сендірді. Өзім де қарап қалмай, жарияланған мақалаларды оқыдым. ДДҰ зерттеулерінен қай вакцинаның тиімді екенін мұқият зерттедім. Сөйтіп ұйым мақұлдаған SinoVac вакцинасын салдырдым. Оның айрықша жанама әсері болмады. Вакцинацияға дейін коронавирустың жеңіл түрімен ауырдым, үй жағдайында емделіп, жазылып кеттім. Ал жұбайымның өкпесі қабынып, ауруханаға түсті. Маған оның еш әсері болмады. Міне, қазір ішімдегі нәресте жеті айлық. Жиі тексеріліп тұрамын, жағдайым жақсы», — дейді тұңғышын күтіп жүрген ана.

Ақтөбе тұрғыны Айсәуле емханада медбике болып жұмыс істейді. Ол жүкті кезінде вакцина салдырған. Баласын аман-есен босанған, қазір екеуінің де жағдайы жақсы.

«Біз жүктілік кезінде COVID-19-дың ауыр тиетінін және вакцинада тірі вирус жоқ екенін жақсы білеміз. Сол үшін пандемияның алғы шебінде жүрген медицина қызметкерлері вакцинаны бірінші кезекте алуы керек деп есептеймін. Былтыр күзде жүкті әйелдерге вакцина салуды бастағанда алғашқылардың бірі болып Pfizer-ді салдырдым. Міне, жақында қызымды бауырыма алдым. Жағдайымыз жақсы», — дейді ол.

Эпидемиолог, Алматыдағы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Манар Смағұл жоғарыдағы жүкті әйелдердің оқиғасын оқып, әріптестерінің кеңесі мен ғылыми зерттеулер бойынша мынадай қорытынды жасады:

«Ғалымдар мен медицина қызметкерлерінің пікіріне және дүниежүзінде жүргізілген зерттеулер нәтижесіне сүйенсек, коронавирус инфекциясына қарсы вакцина жүкті әйелдердің және олардың баласына кесірін тигізбейтінін анық көруге болады. Керісінше, екпенің әйелдерді қорғап қана қоймай, ана сүті арқылы нәрестелерге дайын антиденелер беретіні дәлелденген. Елімізде егіліп жатқан вакциналардың тиімділігі өте жоғары және қауіпсіз. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс», — дейді ол.

Материалды әзірлеу кезінде төмендегі дереккөздер пайдаланылды:

  1. Жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және бала емізетін аналарды вакцинациялау бойынша ақпарат, kz, 2022
  2. Жүкті әйелдердегі COVID-19-ға қарсы мРНҚ вакцинасының қауіпсіздігі туралы мәлімет, New England Journal of Medicine, 2021
  3. Сұрақтар және жауаптар: COVID-19 вакциналары және жүктілік, ДДҰ, 2022
  4. Шотландиядағы жүкті әйелдер арасында жүргізілген SARS-CoV-2 инфекциясы және COVID-19 вакцинациясы зерттеуінің көрсеткіштері, 2022
  5. Жүкті және бала емізетін әйелдердің коронавирусқа қарсы вакцинаға реакциясы (2019): когорт (cohort) зерттеуі, 2021
  6. Pfizer BioNTech компаниясының COVID-19 вакцинасы туралы не білуіңіз керек, ДДҰ

Мақалада келтірілген пікірлер материалды дайындаған авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.