Өкпені «өшіретін» жалғыз коронавирус емес немесе БЦЖ бізге не береді?
Ақтөбеде мектеп медбикесі бірінші сыныпта оқитын 42 балаға манту сынамасының орнына туберкулезге қарсы БЦЖ екпесін салған. Осыдан кейін балалардың білегі іріңдеп, жара шыққан. Бұл екі аптадан кейін белгілі болды. Қазіргі таңда тәуелсіз комиссия құрылып, істің мән-жайы зерттеліп жатыр. Мұның салдары қандай болатынын комиссия мүшесі айтты. Сонымен бірге Baribar бүгінгі мақалада елдің эпидемиология жағдайы және туберкулез ауруына неліктен бей-жай қарамау қажет екенін саралап көрді.
Манту сынамасы мен БЦЖ вакцинасының айырмашылығы қандай?
Ақтөбедегі оқиғаға қатысты комиссияның құрамында жүрген, Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығындағы мониторинг бөлімінің басшысы Панагүл Жазықбекованың айтуынша, бұл жағдай медицина қызметкерінің салғырттығынан болып отыр.
«Мұндай жағдайда балалардың бірінде иммунтапшылығы болса немесе ағзасында АИТВ инфекциясы болса, қауіпті. Дегенмен мұндай сирек кездеседі. Ал дені сау балаларға ауыр зардап келмейді. Тек енді екпеден кейінгі тыртық сол жақ иығы тұсында емес, білегінде қалады. Бірақ байқаусызда салынған вакцина болса да, баланың ағзасында туберкулезге қарсы иммунитет қалыптасады» - деді маман.
Манту сынамасы бала ағзасында туберкулез микробактериясы бар-жоғын анықтау үшін жасалады.
Өкінішке қарай, Қазақстанда Манту сынамасы мен БЦЖ вакцинасын шатастыратындар жиі кездеседі.
«БЦЖ - туберкулезге қарсы профилактикалық вакцина. Ол - қоректі ортада өсірілетін, ауру туғызу қасиетін жоғалтқан, ірі-қара малда кездесетін түрінен дайындалған, әлсіз туберкулез таяқшасының өсіндісі. Оны балаға салудағы мақсат – ағзада туберкулезге қарсы иммунитетті, қорғаныс күшін қалыптастыру. Ал Манту немесе туберкулин сынамасы - бұл диагностикалық сынама. Ол туберкулезге қарсы имунитеттің немесе осы инфекцияның бар-жоғын анықтайды», - деп түсіндірді фтизиатр Гүлмира Садықова.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
БЦЖ вакцинасы неліктен жаңа туған нәрестеге салынады?
Қазақстанның ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес БЦЖ вакцинасының алғашқы дозасы бала дүниеге келгеннен 2-4 күннен кейін перзентханада салынады. Екіншісі алты жаста (1-сыныбында) салынады.
Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының маманы Панагүл Жазықбекованың айтуынша, вакцина балаға кеш салынса, оның инфекция жұқтыру қаупі жоғары.
«Қандай да бір қарсы көрсеткішпен БЦЖ балаға перзентханада салынбай қалса, екі айлығына дейін жергілікті емханадан салдыруға болады. Ал екі айдан асып кетсе, балаға Манту сынамасы жасалып, теріс нәтиже шықса, яғни туберкулез инфекциясы жұқпаған болса, БЦЖ вакцинасы егіледі. Оған дейін баланы анасынан алған иммунитет қорғайды. Кейін вакцина алмаса, инфекция жұқтыру қаупі артады», — дейді маман.
БЦЖ вакцинасы – туберкулездің алдын алудың бірден-бір жалғыз жолы. Оның баланы аурудан 100% сақтайтынына ешкім кепілдік бермейді. Бірақ аурудың асқынуын, өлім қатерін болдырмайтыны анық.
«Бұрын Кеңес заманында вакцина бала туған кезінде алғаш салынып, кейін 30 жасқа толғанша, әр 5-6 жыл сайын ревакцинация жасалатын. Содан бері Қазақстанда эпидемиология ахуалы бірте-бірте жақсарып, ревакцинация саны қысқарды. Қазір жаңа туған балаға бір салынса, бірінші сыныпқа барғанда тек бір рет ревакцинация жасалады. Елде эпидемиология жағдайы қазіргіден де тұрақталып, жақсарса, ревакцинацияны алып тастау қарастырылады», — дейді Панагүл Жазықбекова.
Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда туберкулез бойынша жағдай жақсарып келеді. Кейінгі 10 жылда туберкулезбен ауырғандар саны 2,3 есеге азайған. 2011 жылы 100 мың адамға шаққанда әр 81 адам туберкулез микробактериясын жұқтырған болса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 35,9-ға жеткен.
Панагүл Жазықбекованың сөзінше, мысалы, Ұлыбританияда эпидемиологиялық ахуал тұрақты болғандықтан БЦЖ вакцинасын салдыру міндеттелмейді.
«Оларда 100 мың адамға шаққанда он шақты, тіпті оған да жетпейтін ғана адам ауырған. Сол үшін «туберкулезді жеңдік, енді ол бізге қауіп тудырмайды» деп вакцинациядан бас тартты. Бірақ Лондон мен оған жақын, айналасындағы аудандарда балаларға туберкулезге қарсы вакцина салдыру міндетті. Өйткені онда мигранттар көп қоныстанған. Францияда да дәл осындай жағдай. Парижде БЦЖ салдыру міндеттелген. Бірақ Қазақстан үшін ел болып вакцинадан бас тартуға әлі ерте», — дейді маман.
Фтизиатр Гүлмира Садықова БЦЖ вакцинасы неліктен жаңа туған нәрестеге салынатынын былай түсіндірді:
«Нәресте дүниеге келгенде оның ағзасында туберкулезге қарсы иммунитет болмайды. Ал кез келген ортада ағзаға туберкулез микробактериясының түсу қаупі жоғары. Ол балаға жұқса,туберкулездің аса қауіпті түрлері — ми және ми қабығы туберкулезі, минингит, сүйек туберкулезі және тағы басқа ауруларға шалдығуы мүмкін. Ал БЦЖ нәрестені вирустың ауыр түрлерінен қорғайды. Оны жаңа туған балаға салу қауіпті емес. Тіпті, оның ғылыми дәлелденгеніне бір ғасыр болды. Егер баланың вакцина салуға болмайтын себептері болса, әрине салынбайды. Негізі дене қызуы жоқ, салмағы 2 келіден асатын, иммунтапшылығы белгісі жоқ балаға салу қажет», — деді Алматыдағы фтизиопульмонология орталығының фтизиатры Гүлмира Садықова.
Туберкулез қандай ауру? Ол неліктен қауіпті?
Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегінше, туберкулезден қатты зардап шегіп отырған әлемнің 22 елінде дүниежүзі халқының 63%-ы тұрады. Туберкулездің тұрақты түрлерін емдеу мәселесі Қазақстанда да өзекті. Жалпы бұл дертті жұқтырушылар азайғанымен, емге көнбейтін туберкулезбен ауыратындар үлесі артып жатыр.
Туберкулез микробактериялары ауа арқылы жұғады. Бактериялар, әдетте, өкпеге шабуыл жасайды, бірақ бүйрекке, омыртқаға және ми сияқты кез-келген мүшеге тарауы да ықтимал. Туберкулез — емделетін ауру. Егер адам дұрыс емделмесе, туберкулез өлімге әкелуі мүмкін.
Әсіресе, иммун жүйесі әлсіз адамдардың туберкулезбен ауыру қаупі жоғары. Ал АИТВ-мен өмір сүретін адамның туберкулезбен ауру қаупі 20 есе көп.
Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығындағы мониторинг бөлімінің басшысы Панагүл Жазықбекова туберкулез ауруының екі түрі болатынын айтты. Олар: сезімталдығы сақталған түрі және туберкулезге қарсы дәрілерге төзімді түрі.
«Науқаста сезімтал туберкулез түрі болса, оның емі алты айдан 11-12 айға дейін созылады. Ал дәріге төзімді туберкулезбен ауырғандар аз дегенде 9-12 айдан бастап, 20 айға дейін үздіксіз ем алуы керек. Жалпы айтқанда осылай, дегенмен дәрігер әр науқастың ем ұзақтығын дәріге сезімталдығына байланысты тағайындайды», — дейді Панагүл Жазықбекова.
Туберкулез қалай дәріге төзімді инфекцияға айналады?
Алматыдағы фтизиопульмонология орталығының фтизиатры Гүлмира Садықованың айтуынша, инфекцияның дәріге бой бермеуіне көбіне туберкулез жұқтырған адамдардың емге немқұрайлы қарауы немесе емнің дұрыс тағайындалмауы, дәрінің сапасы себеп болады.
«Дәріні уақытында, тиісті мөлшерінде ішпеу, емнің үзіліп қалуы, сапасыз дәрі ішу туберкулез бактерияларының қасиетін өзгертуге, дәріге қарсы қорғаныс механизімін түзуге әсер етеді», — дейді Гүлмира Садықова.
Мұндай жағдайлар кезінде микобактериялар препараттарға қарсылық қабілетін дамытады, кейін дəрі оң нәтиже бермей қалады.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Кімдер туберкулезді қайта жұқтыруға бейім?
Былтыр Ақтөбе облысының фтизиопульмонология орталығы клиникалық қорытындыларға қарап, зерттеу жасаған. Қорытындысында тыныс алу мүшелеріндегі туберкулез рецидивтерінің асқынуына негізгі қауіп факторларын анықтаған. Олар: тұрақты табыстың болмауы (57,4%), алкоголь ішімдігін қолдану (14,7%), туберкулезбен ауырған адаммен қарым-қатынас (7,4%), есірткі қолдану (4,4%) және тағы басқалары.
Фтизиатр Гүлмира Садықованың сөзінше, туберкулез бұрын «кедейлердің ауруы» делінсе, қазір инфекция бай, кедей деп таңдамайды, кез келген адам ауыруы мүмкін.
«Бұрын бұл ауруды көбіне кедейлер жұқтырғасын, солай деп кеткен болуы керек. Бұны – әлеуметтік фактор, десе де болады. Дегенмен бұл дертті санитарлық ағарту мәдениеті төмен адамдар жұқтыруға бейім дегеніміз дұрыс. Сонымен бірге уақытында тамақтанбайтындар, денсаулығына мән бермейтіндер, алкогольді жиі тұтынатындар, нашақорлар, үй-жайы жоқ кезбелер, гормональді дәрі ішетіндер, созылмалы аурулары бар, өкпе тыныс жолдары ауратын адамдар, жалпы иммунитеті әлсіз адамдар бактерияны тез жұқтырады», — дейді дәрігер.
Дегенмен, дәрігер туберкулезді кез келген адам, ойламаған жерден жұқтырып алуы мүмкін екенін ескертті. Туберкулез микробактериясы адам таңдамайды, сол үшін әрдайым салауатты өмір салтын ұстанып, таза жүруге шақырды.
ҚР Ұлттық ғылыми фтизиопульмонология орталығының қызметкері Лариса Кастыкбаева Vlast.kz сайтына берген сұхбатында туберкулез жұқтыру қатері басым тағы екі топты айтып берген.
«Біріншісі – медициналық фактор. Оның ішінде иммунитеттің түсуі, созылмалы аурулардың болуы, сонымен бірге гормонның өзгеруі. Сол себептен қауіп-қатер тобына иммунжетіспеушілігі (АИТВ/ЖИТС), диабеті және эндокрин жүйесінде проблемасы бар адамдар, жасөспірімдер мен жүкті әйелдер кіреді. Қазақстанда созылмалы сырқаты бар адамдардың қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатқандықтан, туберкулездің де жойылатын түрі жоқ. Келесісі – биологиялық фактор. Бұл топқа вакцина салдырмаған және денсаулығының ерекшелігіне байланысты БЦЖ вакцинасынан кейін туберкулезге қарсы иммунитеті түзілмеген балалар кіреді. Осы факторлар туберкулездің пайда болуына тікелей әсер етеді», — деді Лариса Кастыкбаева.
Коронавирус елдегі туберкулез жағдайына қалай әсер етті?
Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының маманы Панагүл Жазықбекованың сөзінше, кейінгі жылдары Қазақстанда дәрінің туберкулезге тиімділігі төмендеп кетті. Мысалы, елде 2020 жылға дейін бұл көрсеткіш 87-88% болса, қазір 85%-ке дейін төмендеген.
«85% ДДСҰ бекіткен қалыпты межеге жетеді. Бірақ біздің одан да жақсы нәтижеге жетуге мүмкіндігіміз бар. Тиімділіктің түсіп кетуіне пандемия себеп болды. Туберкулезді емдеген кезде науқасты жүйелі бақылау маңызды рөл ойнайды. Әдетте ауруханада немесе емханада медицина қызметкері науқастың қолына дәріні ұстатып, оны жұтып қойғанша бақылай алды. Ал пандемия кезінде осы процесс үзіліп қалды. Дәрі науқастардың қолына берілді, оны ішу процесін видеодан бақылау енгізілді. Бірақ оған мүмкіндік болмады. Сол үшін науқастар бір ішіп, бір ішпей, жағдайды қиындатып алды», — дейді маман.
Панагүл Жазықбекова әлемде коронавирус өршігенде туберкулез бактериясын жұқтырған азаматтардың ауруы не үшін асқынғанын былай түсіндірді:
«2020 жылы және 2021 жылыдың басында еліміздің медицина мамандарының көбі коронавирспен күреске жұмылдырылды. Басқа ауруларға назар аударылмай қалғанын мойындау қажет. Туберкулезді ерте анықтау үшін флюроскрининг жүргізілуі керек. Пандемия кезінде ол жоспарлы түрде жасалмай қалды, өйткені медицина мекемесіне кіру шектелді, науқастар үйінде болды. Сол үшін кейбірінің ауруы асқынып, бактерия өкпесіне жайылып, басқа ағзасына тарап кетті. Бұл ауруға шалдыққандар саны көбеймесе де, ауырған адамдардың ауруы асқынды десек болады. Мұның салдары қазірге дейін шығып жатыр, ауруы асқынып кеткендер бұрынғыға қарағанда жиі тіркеліп жатыр», — дейді Ұлттық фтизиопульмонология ғылыми орталығының маманы.
Дегенмен маманның сөзінше, коронавирус пандемиясында адамдардың санитарлық талаптарды ұстанып, тазалық сақтап, бетперде киіп жүруі туберкулез жұқтырушылардың азаюына әсер еткен.
«2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда бұл ауруға шалдыққандар саны 23%-ке дейін азайды. Бұрын жылына 5-10% арасында ғана төмендейтін. Бұған карантинде адамдардың диагностикаға кеш барып, уақытында скрининг өтпеуі себеп болуы мүмкін», — дейді маман.
Инфографика: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
Туберкулезді Mycobacterium tuberculosis бактериясы қоздырады. Оны 1882 жылы дәрігер Роберт Кох ашқан. Ал COVID-19 қоздырғышы – вирус.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының туберкулезге қарсы жаһандық күрес туралы 2021 жылғы есебінде COVID-19 пандемиясының туберкулездің қайта өршуіне әсер еткені жазылды.Ондағы дерек бойынша, 10 жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет туберкулезден болатын өлім-жітім деңгейі өскен. Ұйым өкілдері оған бүкіл әлемнің назары коронавирус пандемиясына ауғанын, барлық ресурс сонымен күресуге жұмсалғанын, жылдағы скринингтің кешіктірілуін, медицина мекемелеріне барудың қиындағанын себеп көрді.
ДДҰ-ның туберкулезді жою жөніндегі стратегиясы 2030 жылға қарай туберкулезден болатын өлім-жітімді 2015 жылғы базалық деңгеймен салыстырғанда 90%-ке және туберкулезбен ауыруды 80%-ке қысқартуды көздейді. Сол үшін бүкіл әлемді туберкулезбен күресті тоқтатпауға шақырды.
Былтыр БЦЖ вакцинасына 100 жыл толды. Бір ғасырда вакцинаның тиімділігін көрсететін жоғары деңгейдегі көптеген ғылыми зерттеу жүргізілді. Барлығы да БЦЖ-ның туберкулезге қарсы тұра алатын жалғыз әрі теңдесіз вакцина екенін дәлелдеді. Сондықтан бұл екпеден бас тартқан ата-ана баласына қауіп төніп тұрғанын саналы түрді түсінуі керек.
Материалды әзірлеу кезінде төмендегі дереккөздер пайдаланылды:
- Научно-практический журнал «Фтизиопульмонология», #1 (39) 2022, Алматы
- «Почему привитые люди тоже болеют туберкулёзом», Vlast.kz, 2021
- ТБ мəселелері бойынша нұсқаулық, USAID
- Туберкулез. Основные факты, ВОЗ, 2020
- Зачем нужны пробы Манту и АТР и как их определять, Egu.kz
- В результате пандемии COVID-19 впервые за более чем 10 лет выросла смертность от туберкулеза, ВОЗ, 2021
Мақалада келтірілген пікірлер материалды дайындаған авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.