Артқа
virus virus

Қазақстандағы вакцинация мектебі қалай қалыптасты?

Қазақстандағы вакцинация мектебі қалай қалыптасты?

Жүздеген жыл бұрын ғылым адам иммунитетін жұқпалы аурулардан қорғайтын дәрежеге жете қоймаған еді. Ал қазір вакцинация көмегімен қауіпті індеттердің залалын азайтуға болады. Қазақ медицинасында вакцинация практикасы қалай қалыптасып, дамыды? Елімізде қандай аурулар екпенің арқасында азайды? Baribar.kz тарихи деректерге сүйеніп, тарқатып жазады.

Қазақ халқы шешекпен қалай күресті?

Бүгінге дейін адамзат тарихында жұқпалы аурулар миллиондаған адамның өмірін қиды. Ежелгі адамдар әуеліде аурумен қалай күресу керегін білмеді. Сол себепті өлім-жітім көп болған. Сондай инфекцияның бірі – шешек. Кейбір халықтың аурудан қорыққаны соншалық, балалары ауруды жұқтырып, жазылып болмайынша ат қоймаған. Қазақ халқы да бәле-жаладан аулақ болу үшін ауруды атымен атамауға тырысқан.

ХV ғасырда қазақ халқы инфекцияны жұқтырған науқасты ауылдан екі-үш шақырым алыс жерде оқшаулаған, қажет заттарын сол жерге апарып берген. Айыққандарға жарты жылдан соң ғана ауылға оралуына рұқсат берген. Сонымен бірге сол кездің емші, дəрігерлері адам шешекті бір рет қана жұқтыратынын байқайды, сол себепті науқастың күтімімен бұрын ауырғандар айналысқан.

Фото: «Хабар» телеарнасы

Фото: «Хабар» телеарнасы

Шешек ел басына торғай қаққан тарыдай қырғын салған бір жылы Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы тəжірибеден тəжірибе жасап жүріп, шешек суын (вакцина) табады. Бұл туралы оның «Шипагерлік баян» дейтін еңбегінде баяндалады. Жолы аса қарапайым: баланың шешек іріңін алып, тананың шап терісін тіліп, қан шыққан соң жағады. Бір жұмадан соң жұдырықтай болып томпиады. Томпақты жарып, қамсек қурай қуысымен бүйрек қабына құйып, күн тимейтін салқын жерге қойып, ағашты қаламдай үшкірлеп, шешек болған баланың білегіне жағып, жаққан жерді инемен сызып қойып отырады.

Эпидемиолог Сәкен Әміреев (1940 жыл — 2021 жыл) 2021 жылы берген сұхбатында Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы алғашқылардың бірі болып аттенуация — вирусты әлсірету тәсілін қолданғанын айтқан.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы сонымен бірге сол заманда-ақ екпе орнына су тигізуге, оны қасуға немесе қолмен қайта-қайта ұстауға болмайтынын білген және оны еңбегінде жазған, — деген Сәкен Әміреев.

Осы дерекке сүйенсек, қазақ вакцинация мектебі XV ғасырда қалыптасқанын айтуға болады.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. «Шипагерлік баян»

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. «Шипагерлік баян»

Арада 350 жыл өткенде медицина ғылымына вакцина деген ұғым енді. Ағылшын дәрігері Эдуард Дженнер бірінші болып ғылыми негізде шешекке қарсы вакцинаның алғашқы тәжірибесін ұсынады. Ол ірі қара мал бағатын және сиыр шешегімен ауырғандардың табиғи қара шешекті жұқтырмайтынын байқайды. Содан ғалым 8 жасар Джеймс Фиппс және тағы 20 адамға сиыр терісінен жасалған дәріні егіп, қара шешекке қарсы емді табады. Кейін бұл әдісін «вакцинация» деп атайды. Сөзбе-сөз аударғанда «сиыр» дегенді білдіреді.

1798 жылдан бастап Ұлыбритания үкіметі әскер мен флотта шешекке қарсы вакцинацияны ресми түрде енгізді.

Эдуард Дженнер сегіз жасар Джеймс Фиппске шешек ауруына қарсы егіп жатыр. 1796 жыл. Фото: Wikimedia.org

Эдуард Дженнер сегіз жасар Джеймс Фиппске шешек ауруына қарсы егіп жатыр. 1796 жыл. Фото: Wikimedia.org

Ал ХІХ ғасырдың басында Қазақстан аумағында шешекке қарсы екпе салатын алғашқы фельдшерлер пайда болды. 1804 жылы олар Батыс Қазақстандағы 25 адамды вакцинациялаған. Шешекке қарсы күрес жұмысы Николай Смирнов, Алексей Лушников, Петр Соколов, Никита Муравьев-Апостол сияқты желтоқсаншылар мен поляк революционерлеріне жүктелген. Оның көбі Орынбордағы әскери госпитальда дәріс берген. Дәл осы жерде 1826 жылы бұл вирусқа қарсы екпе салатын қазақ дәрігерлері дайындалады. Олардың қатарына Сырлыбай Жәнібеков, Хайролла Бабаев, Ахмеди Бадаев, Хамза Қаржасов кірген.

1870 жылы Оралда шешекке қарсы екпе егетіндерге арналған училище ашылады, дегенмен екпе аз болғандықтан індетті бірден тоқтату қиынға соққан.

Шешекке қарсы екпе еккен алғашқы фельдшерлер. Фото: «Хабар» телеарнасы

Шешекке қарсы екпе еккен алғашқы фельдшерлер. Фото: «Хабар» телеарнасы

Кеңес Одағы құрылғаннан кейін Қазақстан жерінде де шешекке қарсы міндетті жалпы вакцинация және ревакцинация туралы заң бекітілді. Кейін бұрын астана болған Қызылордада «Казцик» атындағы санитарлық-бактериологиялық институт ашылады. Онда шешекке қарсы вакцина жасауда қолданылатын шешек детритінің өндірісі құрылды. Институт Кеңес Одағындағы жалпы иммундау жұмысына көп үлес қосты. Жалпы вакцинациялаудың арқасында 1933 жылы Қазақстандағы шешекті жұқтырушы саны 83% азайған.

Эпидемиолог, медицина ғылымдарының кандидаты Айнагүл Қуатбаеваның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы шешек ауруы түбегейлі жойылғанын, енді табиғи түрде болмайтынын, тарамайтынын мәлімдеген. Осыдан кейін дүниежүзіндегі мемлекеттер де біртіндеп оған қарсы вакцинадан бас тартқан. Мұндай жетістікке жетудің негізі себебі жоспарлы екпе болған.

Қазақстанда вакцина көмегімен тағы қандай аурулар азайды?

Дүниежүзінде шешектен де басқа оба, күл ауруы (дифтерия), туберкулез, полиомиелит инфекциялары жаппай тарап, пандемия және эпидемия сипатына ие болды. Мәселен, академик Даниил Заболотныйдың баяндамасында 1905-1906 жылдары Батыс Қазақстан аумағында обадан 659 адам ауырып, 621 адам қайтыс болғанын жазған. Аурудың ушыққанын байқаған дүниежүзі және Қазақстан ғалымдары вакцинацияның келесі қалыптасу кезеңінде обаны тоқтату үшін белсенді емес микроағзалардан вакцина жасауды жалғастырды.

Сол кезде алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірі Мәжит Шомбалов бірнеше жүздеген адамның өліміне себеп болған бұл қандай ауру екенін анықтауға тырысқан. Ол өңір ақсақалдарынан қайтыс болған адамдардың денесін ашуға рұқсат алған.

Мәжит Шомбалов. Фото: Масғұт Айқымбаев атындағы ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығы

Мәжит Шомбалов. Фото: Масғұт Айқымбаев атындағы ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығы

Мәжит Шомбалов обаның таралуына кеміргіштермен қоса, түйелер де себеп болуы мүмкін екенін анықтаған. Дәрігер обаға қарсы вакцина ойлап таппаса да, жұқпалы ауруды зерттеуге көп үлес қосты.

Фото: Масғұт Айқымбаев атындағы ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығы

Фото: Масғұт Айқымбаев атындағы ұлттық аса қауіпті инфекциялар ғылыми орталығы

Дәрігер ауруды жеңу үшін медицина мамандары ғана емес, қарапайым халық та ат салысуы керек екенін түсінді, сол себепті ол ауыл-аймақты аралап, науқасты оқшаулау, оның киім-кешегін қайнатып жуу сияқты негізгі сақтану амалдарын үйреткен.

Дәл осы уақытта, 1914 жылы Оралда обаға қарсы зертхана ашылды. Бұл Қазақстандағы алғашқы мамандандырылған эпидемияға қарсы және ғылыми-тәжірибелік мекеме болды. Дегенмен зертхана шағын әрі онда құрал-жабдық аз еді.

Сонымен бірге 1945 жылы Ақбасты және Аван ауылында оба өршіп тұрған кезде дәрігер, ұстаз, ғалым Халел Досмұхаммедұлы сақтану бойынша нұсқаулық әзірлеген. Кейін сол нұсқаулық негізінде ауыл-аймақтарда карантин шаралары енгізілді.

Халел Досмұхаммедұлы. Фото: «Ақ Жайық» газетінің сайты

Халел Досмұхаммедұлы. Фото: «Ақ Жайық» газетінің сайты

Қазақ дәрігерлері вируспен күресудің барлық амалын қарастырып жатқан уақытта орыс және француз бактериологы Владимир Хавкин обаның өлі микроағзасынан вакцина ойлап тапты. Кейін 1920-1930 жылдары француз дәрігерлері Жорж Жирар мен Жан Робик «тірі вакцина» пайдаланудың қауіпсіз әрі нәтижесі жоғары екенін дәлелдеді.

1925 жылы Қазақстанда санитарлық-бактериологиялық институтында бастапқы бес жылда обаға қарсы вакцинаның 50 миллион дозасын өндірді. 1936 жылы жаппай иммундаудың арқасында Қазақ кеңестік социалистік республикасында оба жұқтырғандар саны әлдеқайда азайған.

Бүгінге оралсақ, елімізде обаның кейінгі дерегі 2003 жылы тіркелді. Дегенмен әлі күнге дейін обаның табиғи ошақтары Қазақстан аумағының 39%-ін алып жатыр. Сол себепті профилактика жұмысы әлі де маңызды. Ал Қазақстанда мұндай екпе түрі Масғұт Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында өндірілді.

Сонымен бірге дені сау баланы сал ететін полиомиелитке де қарсы вакцина қажет болды. 1955 жылы Кеңес одағы вирусологы Михаил Чумаков америкалық ғалымдардың тәжірибесіне сүйеніп, полиомиелитке қарсы вакцина жасады.

1959 жылы Қазақ кеңес социалистік республикасы да басқа одақтас республикалармен қатар полиомиелитке қарсы вакцинаны қолдануды бастады. Ал Қазақ эпидемиология, микробиология және жұқпалы аурулар ғылыми-зерттеу институты басшысы Клавдия Костина Қазақстандағы полиомиелит ахуалын зерттеумен айналысты.

1962 жылдың басында Қазақстан аумағының көп бөлігі жаппай вакцинация және ұжымдық иммунитет қалыптастырудың арқасында полиомиелитті жеңді. Ал 2002 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы елімізді полиомиелиттен «таза аймақ» деп жариялады. Себебі, республикада бұл вирустың «жабайы» түрі 1995 жылы, ал «кірме» түрі 2010 жылы тіркелді. Дегенмен өкінішке қарай, мұны біз әлі «түбейгейлі жеңіс» деп атай алмаймыз. Себебі бұл жұқпалы аурудан әлі күнге дейін басқа мемлекеттер зардап шегіп отыр. Мысалы, 2021 жылы Тәжікстанда, Украинада полиомиелиттің бірнеше жағдайы анықталды. Ал ондағы аурудың кесірінен сал болып қалған баланың кейбірі вакцина салдырмаған болып шықты.

Бұған дейін Тәжікстанда полиомиелит тіркелген болатын. Көршілес мемлекеттегі жағдай бізге де әсерін беруі мүмкін, сол себепті елімізде полиомиелиттің тарамауы үшін белгілі іс-шараларды ұйымдастыруымыз қажет болды. Осы мәселе аясында еліміздегі вакцинология мектебі оқушылардың жас ерекшелегін ескеріп, полиомиелит және оның зардабы, сақтану жолы туралы мәтін дайындап, оқушыларға диктант жазғыздық. Бұған қоса, көп іс-шара, конференция өткіздік. Жалпы жер бетінде полимиолиет циркуляциясының анықталуы бізге әлі күнге дейін қауіп төндіреді. Сол себепті инфекцияға қарсы вакцина салдыру — әлі де актуал, — дейді эпидемиолог Айнагүл Қуатбаева.

Елімізде бұл індетке қатысты қорқынышты тарих қайталанбас үшін полиомилетке қарсы (ИПВ және ОПВ вакциналары) қарастырылған. Полиомиелет вирусының адамға, әсіресе, балаларға қауіпті екенін ескеріп, вакцинопрофилактикаға жүгінген жөн.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Ұлттық күнтізбеде аталған вирустармен бірге көкжөтел, гепатит В, қызылша, пневмококк, туберкулез, дифтерия, сіреспе, қызамық, паротит және гемофильді таяқшаға қарсы екпе бар.

Кейінгі рет халықты үрейлендірген вирус — COVID-19 инфекциясы. 2019 жылы Қытайда басталып, кейін пандемия сипатына ие болған бұл инфекция қазақ вакцинация мектебіне тағы бір жетістік әкелді. Бұл коронавирус инфекциясына қарсы отандық вакцинаның жасалуы еді.

QazVac (QazCovid-in) — қазақстандық инактив вакцина. Оны білім және ғылым министрлігінің биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген. Қазір бұл вакцина Қазақстанда сәтті қолданылып келеді. QazCovid-in 2021 жылы Қырғызстанда да ресми тіркелді.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Қазақ вакцинология мектебі немен айналысады?

Адамзат вакцинацияда көптеген жетістікке жетіп, вакцинация мектебін қалыптастырса да, оған қатысты түрлі жаңсақ, жалған ақпарат толастар емес. Осы мәселені шешу мақсатында 2011 жылы Қазақстанда Санжар Асфендияров атындағы қазақ ұлттық университетінің эпидемиология факультетінде Р.Д.Аспетов атындағы вакцинология мектебі құрылды. Оның негізін эпидемиолог, медицина ғылымдарының докторы, професссор Сәкен Әміреев қалады. Ол бұған қоса, Қазақстанның полиомиелитті жеңуіне көп үлес қосты. Сәкен Әміреев, өкінішке қарай, 2021 жылы қайтыс болды.

Сәкен Әміреев

Сәкен Әміреев. Фото: Almaty.tv

Ал эпидемиолог, медицина ғылымдарының кандиданты Айнагүл Қуатбаева вакцинология мектебінің қалай құрылғанын айтып берді.

Айнагүл Қуатбаева

Алматы қаласында орналасқан Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының директоры

2010-2012 жылдары вакцинацияға көңіл бөлу маңызды еді, себебі медицинада жаңа профилактикалық препараттар пайда болып, Қазақстандағы вакцинацияның ұлттық күнтізбесіне енгізіліп жатты. Осыған байланысты мамандар мен халыққа түсіндірме жұмысы қажет екені байқалды. Содан Алматы қаласында орналасқан Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығының бұрынғы директоры екеуіміз профессор Сәкен Әміреевке вакцинология мектебін ашуға ұсыныс білдірдік. Нәтижесінде мектеп аясында бірге көп жұмыс атқардық, — дейді Айнагүл Қуатбаева.

Эпидемиологтың айтуынша, вакцинология мектебінің басты мақсаты — халықтың вакцинация туралы сауатын арттыру, тексерілген, пайдалы ақпараттар беру, шаралар өткізу.

Сонымен бірге вакцинаға қарсы қозғалыс ұйымдастыратын адамдармен де жеке әңгімелестік. Не себепті халық арасында дүрбелең туғызатынын сұрастырамыз. Өйткені біз де олардың әрекетін түсінгіміз келеді. Әңгімелесудің нәтижесінде кейбір антиваксерлер ойын өзгертіп, балаларына екпе салдырып жатады, — дейді маман.

Сонымен бірге вакцинология мектебі медицина жоғары оқу орындарының студенттері, медицина қызметкерлерінің иммунопрофилактика бойынша білімін арттырады, осы саладағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдірумен айналысады.

Бірде балаларымды мектептен алып қайтып бара жатқанымда олар «Анашым, бүгін біз балаларды сал ауруына әкелетін жұқпалы вирус туралы диктант жаздық» деді. Диктант мәтінін дайындаған маман ретінде өзім де әңгімелеріне ортақтаса кеттім. Бірақ олар «Анашым, тұра тұрыңыз, сіз білмейсіз ғой, бізге медбике былай айтты» деді. Сол кезде балаларға ғылыми қызметкердің емес, мектептегі медбикенің айтқаны маңызды екенін түсіндім. Сол себепті вакцинология мектебінің тағы бір мақсаты — жас мамандардың бұл саладағы білігін арттыру, — дейді эпидемиолог.

Осы мақсатта Сәкен Әміреев, Айнагүл Қуатбаева және басқа да авторлар бірлесіп, тәжіриебедегі иммундау бойынша ұлттық нұсқаулықты дайындап, басып шығарған. Онда кең таралған жұқпалы аурулардың иммунопрофилактикасы, қызылша, қызамық, туабітті болатын қызамық синдромы туралы баяндалады. Сонымен бірге медициналық иммунобиологиялық препараттарды сақтау, тасымалдау ережелері, иммундау қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәліметтері бар.

«Иммунизация на практике» кітабы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

«Иммунизация на практике» кітабы. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы «Шипагерлік баян» еңбегінде «Оба, сүзек, қызылша, көкжөтел, күл ауруларының екпесін табуды бізге Алла несіп етпеген» деп жазған. Бұл кездегі медицинаның жұқпалы аурумен күресуге қауқары жетпесе, қазір вакцинация түрлі инфекцияны алдын алудың және оны таратпаудың ең тиімді құралына айналды. Алайда екпе дені сау адамдарға жасалатындықтан көпшілік препараттардың қауіпсіздігіне алаңдайды. Сол себепті оқырманға EkpeBar дейтін жаңа жобаны ұсынып отырмыз. Бұл арнайы жоба вакцина туралы сан түрлі сауалдың жауабын білуге көмектеседі деген үміттеміз.

Материалды әзірлеу кезінде төмендегі дереккөздер пайдаланылды:

  1. С.А.Әміреев, А.С.Есмағамбетова, А.М.Қуатбаева, В.К.Таточенко, Ш.У.Жандосов, Н.Жайықбаева, «Иммунизация на практике»
  2. Ө.Тілеуқабылұлы, «Шипагерлік баян»
  3. Как боролись с эпидемиями в Казахстане?
  4. Чума в уральской степи. Как это было
  5. Может ли полиомиелит вернуться в Казахстан?
  6. Как казахстанцы учились бороться с эпидемиями?
  7. Оба
  8. Вирусолог Михаил Чумаков: Победевший смерть одной левой
  9. Малыш в Украине парализован из-за полиомиелита
Сонымен бірге мақалада келтірілген пікірлер материалды дайындаған авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.