Артқа
virus virus

Қызылша қарап отырмайды: аса жұқпалы аурудың балаға қатері жайлы

Қызылша қарап отырмайды: аса жұқпалы аурудың балаға қатері жайлы

Бұл жұқпалы ауру бұрын «балалар шешегі» деп аталған. Вакцина пайда болғанға дейін жер бетіндегі баланың 85%-і дәл осы инфекциямен ауырған. Әр екі-үш жыл сайын эпидемия қайталанған. Бұл жолы адам өміріне, соның ішінде балаға аса қауіп төндіретін қызылша инфекциясы жөнінде тарқатып жазбақпыз. Бұл қандай инфекция және қалай одан сақтана аламыз? Осы сұрақтарға жауап іздейміз.

Феруза және оның қызылша жұқтырған үш баласы

«Қызылшаның кесірінен балаларым екі ай бойы үйден шықпады, күннің көзін көрмеді» дейді 27 жастағы Шымкент тұрғыны Феруза Базарбаева. Ол балаларының инфекция жұқтырған кезін еске алудың өзіне қиналады. 2022 жылғы көктемде Ферузаның үш бірдей баласы қызылшамен ауырған. Өзінің айтуына қарағанда, екі жасар қызы инфекцияны балабақшадан жұқтырып алған.

«Үш жасар ұлым, екі жасар және алты айлық қыздарым бар. Балабақшадағы балалардың бірі наурызда қызылшамен ауырған екен. Қызым талдырмаш, дереу жұқтырып алыпты. Үш-төрт күннен кейін денесінің бәрін қызыл бөртпе басып кетті. 20 күннен соң инфекция ұлыма да, кенже қызыма да жұқты. Қуанышымызға орай, ең кішісінде ауру жеңіл түрде өтті», — дейді ол.

Ферузаның балалары барып жүрген балабақшада осы оқиғадан кейін карантин жарияланған, себебі қызылша ондағы балалардың бір-біріне жұға беріпті.

Инфекция Ферузаның балаларын әбден қинаған. Олардың қызуы көтерілген, денесіне бөртпе шыққан, тәбеті қашқан, бір апта бойы ұйықтай алмапты.

«Балаларымның мазасы қашты. Бөртпеден денесі қышып, қасына берді. Оларға қасуға болмайтынын түсіндіру де қиын. Дәрігерлер сыртқа шықпауы және жылы жерде жүруі керек екенін айтты, бірақ бала емес пе?! Бірнеше күннен кейін «далаға шығам» деп жылай бастады, бірақ толық айықсын және басқаларына жұқпасын деп үйден шығармадым. Қолына ойыншық, смартфон бердім, теледидардан мультфильм қостым. Әйтеуір көңілін аулау үшін барлығын істедім», — дейді ол.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Ферузаның балалары аурудан екі ай дегенде әрең айыққан. Қазір бәрінің жағдайы жақсы, балабақшаға емін-еркін барып жүр. Ол балаларына қызылшаға қарсы вакцина салдырған, соған қарамастан жұқтырғанына таңданып отыр.

Алайда екпе алмағанда бұл ауру қайғылы жағдаймен аяқталар ма еді деп те ойлайды.

«Негізі екпе салдыруды дұрыс деп есептеймін. Бала бұл аурумен ауырса, керең немесе соқыр болып қалуы мүмкін екен. Оған қоса бұл жұқпалы ауру науқастың миына да әсер етеді екен. Қызылшаның салдарын естіген соң балаларыма вакцина салдырғаныма қуандым», — дейді үш баланың анасы Феруза.

Қызыл бөз және шикі ет: қазақ халқының қызылшамен күресі

Қызылша – инфекциялық жұқпалы ауру. Қазақ халқы ел ішінде тараған, әсіресе жаңа туған нәрестені «баудай түсіретін» бұл жұқпалы аурумен ертеден күрескен. Кезінде инфекциямен ауыл шетіндегі бір бала ауырса, ол келіп-кетіп жүретін көрші-көлем арқылы бір қауым елге жұғып, тарап кететін болған.

Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы – қызылшаның ел ішінде көптеп тарап кетпеуіне үлес қосқан халық емшісі. Ол бір балаға шыққан қызылша басқаға жұқпауы үшін науқастың үйінің сыртқы есік маңдайшасына белгі ретінде түсі қызылдан бөз (бөз – мақтадан тоқылған жұқа мата) байлатқызып қойған екен. Қазақ халқы әуеліде «Кісіміздің еті шикі еді, қызылша шығып пісіп жатыр» деген пайыммен шикі ет те іліп қойған. Алайда оны қарға, құзғын, сауысқан сияқты құс атаулы іліп әкетіп немесе жеп кете берген соң бөзге ауыстырған. Сондағы шикі ет, қызыл бөз ілу – «Үйге кірмеңіз, өзіңізге жұғады» деген ескерту болған көрінеді.

Педиатр-дәрігер Айгүл Еспанова бұл қорғану әдісін қазақ халқынан басқалар да қолданғанын айтады.

«Бұрын ауруды таратпаудың түрлі әдісі болған, тіпті өзім қызылшамен ауырғанда көрші үйдегі апа келіп, бөлмеме қызыл мата ілгізген. Алайда бұл өзгелерге үйде қызылшамен ауырып жатқан науқас бар екенін білдіру үшін жасалғанын ұмытпағанымыз жөн. Мұның аурудың еміне еш әсері жоқ. Осы нәрсені шатастырмаған дұрыс, — дейді Айгүл Еспанова.

Педиатр Айгүл Еспанова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Педиатр Айгүл Еспанова. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Қазақстандағы вакцина жетіспеушілігі және антиваксерлердің қызылшаның өршуіне әсері

Адамзат қызылша ауруын жүздеген жыл бұрын анықтаса да, оған қарсы екпені америкалық ғалымдар 1963 жылы ойлап тапты. Ал 1967 жылдан бастап КСРО-да қызылшаға қарсы жаппай вакцинациялау жүргізілді. Бұл туралы Сәкен Әміреевтің, Айнагүл Қуатбаеваның, Айжан Есмағамбетованың және тағы басқа авторлардың бірігіп жазған «Иммунизация на практике» еңбегінде (132-бет) мәлімет бар. Сол кезде қазіргі Қазақстан аумағында тұрған азаматтар да екпе алған.

Кітапта соның арқасында КСРО-да қызылшаны жұқтырғандар саны 8-16 есе азайғаны туралы дерек келтірілген.

Қазақстанда 2004-2005 жылдары инфекция қайта жаппай тарады. Елімізде дәл осы жылдары 16 119 адам қызылшамен ауырған. Педиатр-дәрігер Айгүл Еспанова мұны 1990 жылдардағы екпенің тапшы болуымен байланыстырып отыр:

«КСРО-ның құрамынан бөлініп шыққан мемлекеттер алғашында түрлі дағдарысқа тап болды. Соның бірі вакцинация мәселесі еді. Оған қоса, антиваксерлер пайда бола бастады. Олардың вакцина туралы жалған тұжырымы өзгелердің де күмәнмен қарауына, оны салдырмауына әсер етті. Салдарынан 2004-2005 жылдары республика бойынша студенттер арасында қызылша тарады. Сол кезде қазіргідей ашық статистика болмайтын, сол себепті ресми түрде тек екі студентің қайтыс болғанын білемін. 2018-2019 жылдары дәл солай ауру қайта тарай бастады».

2019 жылғы қызылшаның өршуі және Инабаттың оқиғасы

2019 жылы Қазақстанда қызылша инфекциясы қайта тарап, оны 13 326 адам жұқтырған. Оның ішінде 9 409 науқас — 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер. Өкінішке қарай, бұл жұқпалы аурудан елімізде сол кезде 12 бала және екі ересек көз жұмған. Осылайша, 2019 жылға дейін қызылша жылдам тараған елдердің арасында Қазақстан үшінші орында болды.

Алматы тұрғыны Инабат Елшібай да 2019 жылы қызылшамен ауырған. Ол сол кезде енді ғана тарай бастаған COVID-19 инфекциясын жұқтырдым деп ойлапты. Өйткені дене қызуы бес күн бойы 40 градустан түспей қойған. Басқа симптомы аса байқалмаған соң өзі де, дәрігерлер де қызылша болуы мүмкін деп күдіктенбепті.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

«Өмірімде дене қызуым мұншалықты көтерілмеген еді. Бұған қоса, тоңып, аяқ-қолымды жылыта алмай қойдым. Кейін коронавирустың бар-жоғын анықтауға ПТР тапсырдым, теріс нәтиже шықты. Дәрігерлер денемді, аузымды толық тексерсе де, қызылша екенін бірден анықтай алмады. Дегенмен басқа инфекция болуы мүмкін екенін айтты», — дейді ол.

Дәрігер Айгүл Еспанованың сөзінше, бес жасқа дейінгі балалар қызылшаны жұқтыру қаупі жоғары топқа жатады. Дегенмен кейінгі кездері бұл инфекцияны тек балалар емес, ересектер де жұқтырып жататын жағдайлар жиі кездеседі.

Дәрі қабылдағаннан кейін Инабаттың дене қызуы түсіп, өзін жақсы сезіне бастаған, бірақ мұнымен аурудың беті қайтпапты. Кейін инфекцияның келесі белгісі – денесіне бөртпе шыға бастаған.

«Бұған дейін қызылша туралы көп естімеген соң бетіме бөртпе шықса да, оны безеу немесе жара деп ойладым. Өйткені қызылшаны жұқтырып аламын деген ой болмапты, бірақ сол күні кешке қарай бүкіл денемді қып-қызыл бөртпе басып кетті. Бос орын болмады. Әуелі басыма шығыпты, оны байқамаппын. Кейін бетіме, ауыз қуысыма, қолыма тарады. Соңына қарай белімді, аяғымды толық басып қалды. Күйеуім сол кезде арқамның да толықтай қып-қызыл болып тұрғанын айтты», — дейді Инабат.

Педиатр-дәрігер Айгүл Еспанованың сөзінше, бөртпе дененің жоғары бөлігінен бастап шығып, төмен қарай ұласады. Ең әуелі ауыз қуысы, бас, бет, мойынға шықса, кейін қол, қарын, одан кейін бел, аяққа қарай тарай бастайды. Бөртпе 3-5 күннен кейін шығуы мүмкін.

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Инабат мұндай өзгерісті байқаған соң бірден жедел жәрдем шақыртады. Кейін дәрігерлер дереу қызылша екенін анықтап, оған медицина көмегін береді. Сөйтіп Инабат 14 күн үйден шықпай емделген.

«Дәрігерлер менімен байланыста болған отбасы мүшелерін тексеріп шықты. Үйімізге келіп-кеткен туыстарымызға да хабарласып, мән-жайды түсіндірдік. Соңында менімен байланыста болған жақынымның бәрі екпе алды. Балама вакцина салдырғанбыз, соның арқасында оған жұқпады. Ал өзімнің қайдан жұқтырып алғанымды білмеймін», — дейді ол.

Дәрігер-педиатр Айгүл Еспанова қызылша инфекциясының таралуы лезде екенін айтты. Вирус жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлескенде ауа тамшылары арқылы, сонымен бірге ауру адамның сілекейімен де қоршаған ортаға тарайды. Инфекция көзі – науқас адам. Қызылша жұқтырған науқас өзімен байланыста болған 10 адамның тоғызына жұқтыруы мүмкін. Сол себепті науқас 21 күн оқшаулануы қажет.

Инабат бала кезінде қызылшамен ауырмаған, оған қарсы вакцина да алмаған екен.

«Дәрігер әрі туысымыз «Бұл – өте қауіпті жұқпалы ауру. Ересек адамға оны өткеру екі есе қиын. «Жаралардың шыққаны жақсы, әйтпесе адамды өлтіріп жіберуі мүмкін еді», «Қайта сені сақтапты» дегенде шошып кеттім. Сонда ғана бұл аурудың соншалықты қауіпті екенін түсінгендей болдым», — дейді ол.

Инабат кейін қызылшадан толық жазылады, дегенмен әлсіреп қалған. Осыдан кейін денсаулығын жіті қадағалаған, ал бір жылдан соң екінші баласына жүкті болған.

«Бірінші баламды туғанда дәрігерлер түрлі жұқпалы ауруға қарсы вакцина салдыру керек екенін айтқанда күмәнмен қарап, салдырғым келмей, мың ойланып-толғанып салдырған едім. Екінші баламды босанғанда ауруханаға асығып, екпені өзім сұрап алдым. Оның маңызын басыма дерт түскенде анық түсіндім. Қазір өзімнің де, балаларымның да жағдайы жақсы», — дейді Инабат.

Қызылшаның салдары тек бөртпе емес

Айгүл Еспанова Инабаттың және Ферузаның үш баласының қызылшаны жеңіп, аурудан толық айыққанына қуанып отыр. Дегенмен бұл инфекцияның салдары мен асқынулары өте қауіпті екенін де ескертті. Өйткені кейбірі ойлағандай, қызылшамен ауырған кезде тек дене қызуы көтерілмейді, денеге бөртпе ғана шықпайды. Әр төртінші адамда аурудың түрлі асқынуы болуы мүмкін. Ең жақсы күтім жасалғанның өзінде 1000 науқастың 1-3-і қайтыс болады.

«Қызылшаның салдары өте қорқынышты. Себебі бұл балаларда тырысу, вирустық энцефалит, пневмония, құлақ инфекциясы, соқырлық, ауыр диарея, бронхит сияқты асқынуларға әкелуі мүмкін. Сонымен бірге қызылша адамның иммунитетіне әсер етеді, яғни бұл кезде ағзаның бұрынғы инфекцияларды тануы және онымен күресуі қиындайды. Ең қорқыныштысы — склерозды панэнцефалит. Бұл емделмейтін ауру бірден емес, 10-20 жылдан кейін ғана байқалуы мүмкін. Мысалы, бір адам қызылша жұқтырып ауырды дейік. Бір айдан кейін денесінен бөртпе кетіп, жазылуы мүмкін, бірақ миында вирус «тыныш» өмір сүріп, кейін бірнеше жылдан кейін қозып, дертке айналуы ықтимал».

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz

Бүгінде Қазақстанның вакцинация ұлттық күнтізбесінде қызылшаға қарсы екпе қарастырылған. Бала бұл вакцинаны 12-15 айында және 6 жасында алады. Қызылшаға профилактика ретінде Қазақстанда ҚПҚ екпесі қолданылады.

ҚПҚ вакцинасы – қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы біріктірілген екпе. Ол инъекция арқылы берілетін үш аурудың әлсіреген вирустарының қоспасы.

«Жалпы кез келген адам бұл ауруға бей-жай қарамағаны абзал. Оның алдын алу, яғни оған қарсы вакцина салу әзірше ең дұрыс шешім болмақ», - дейді педиатр-дәрігер Айгүл Еспанова.

Материалды әзірлеу кезінде төмендегі дереккөздер пайдаланылды:

  1. Как боролись с эпидемиями в Казахстане, Хабар, 2021
  2. Ө.Тілеуқабылұлы, «Шипагерлік баян»
  3. Как вакцины изменили мир. История прививок от 18 века и до наших дней, Bbc.com, 2020
  4. Борьба с эпидемией кори в Казахстане, Usaid.gov, 2021
  5. Where Measles is Spreading the Fastest, Statista.com, 2019
  6. «Иммунизация на практике» 2014, С.А.Әміреев, А.С.Есмағамбетова, А.М.Қуатбаева, В.К.Таточенко, Ш.У.Жандосов, Н.Жайықбаева.
  7. Қызылша: бізді аурудың жаңа ұшқыны күтіп тұр ма? Medsupportkz, 2021

Мақалада келтірілген пікірлер материалды дайындаған авторларға тиесілі және Қазақстандағы ЮНИСЕФ Өкілдігінің және Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.